Күршім ауданына жаңа әкім тағайындалды
Күршім ауданының әкімі қызметіне Мейіржан Әлбеков тағайындалды
Фото:
ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен
ҚР Президентінің Әкімшілігімен және аудандық мәслихат депутаттарымен келісе отырып, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Мейіржан Әлбеков Күршім ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Айта кетейік, осыған дейін Күршім ауданының әкімі қызметін Алмат Ақишев атқарған болатын. Енді бұл қызметті Шығыс Қазақстан облысының тумасы Мейіржан Әлбеков атқаратын болады. Мейіржан Әлбеков 2011 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық университетін, 2015 жылы Т.Қ.Жүргенев атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын, 2021 жылы Алматы экономика және статистика академиясын бітірген. Еңбек жолын 2010 жылы бастаған. Әр жылдары "Дарын" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры, аудан әкімінің орынбасары, сондай-ақ Ұлан ауданының Таврия ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарған. 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап Күршім ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Аймақ басшысы жаңа әкімнің алдында Күршім өңірінің инфрақұрылымын, әлеуметтік-экономикалық және туристік салаларын дамыту бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.