Өскеменде тағы бір кадет сыныбы ашылды
Өңірдегі "Жас бүркіт" әскери-патриоттық клубының өркен жаюына Ұлттық ұланның "Шығыс"өңірлік қолбасшылығы қарқынды үлес қосуда
Өскемен қаласындағы жалпы білім беретін №24 орта мектебінде кадет сыныптары ашылып, оқушылардың ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды Устинка Live тілшісі.
Білім ордасында ашылған кадет сыныптарына тәжік-ауған шекарасында шейіт болған он жеті жауынгердің есімдері берілді. Білім ордасындағы кадет взводтары Қанат Едырышов, Ербол Исабаев, Анатолий Мешков есімдерімен аталынды.
Шараға "Шығыс"өңірлік қолбасшылық қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев қатысты.
Бұл іс-шара мақсаты әскерге дейінгі жастардың бойына патриоттық рух дарыту. Сондықтан аймақтағы "Жас Бүркіт"әскери-патриоттық клубтарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Ант қабылдау рәсімінен бөлек, ерлік сабақтары, ашық есік күндері сияқты әскери-патриоттық мазмұндағы көптеген іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз, - дейді отставкадағы полковник Айдар Оразбаев.
Сонымен қатар, Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен ант қабылдаған оқушылардың кеудесіне арнайы он жеті жауынгердің есімі жазылған төсбелгілер тағылды.
Еске сала кетейік, дәл осындай кадет сыныптары бір ай бұрын қаладағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №4 орта мектебінде де ашылған болатын.