Өскеменде өмірдерек кітабының тұсаукесері өтті
Өскеменде "Есте жүрер есті сөз" өмірдерек кітабы оқырманға жол тартты
А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Өскемен қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы, Өскемен қаласының, Күршім, Катонқарағай және Тарбағатай аудандарының Құрметті азаматы Сайлаухан Аухадиев 85 жасқа толуына арналған "Есте жүрер есті сөз" кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Сайлаухан Әбілханұлы Антимонополиялық комитеттің алғашқы төрағасы, ШҚО астық инспекция басқармасының бастығы, ҚР а/ш министрлігінің ШҚО аймақтық астық инспекцияның бөлім басшысы қызметтерін атқарған. Еңбек демалысына шыққаннан, осы уақытқа дейін Өскемен қаласы ақсақалдарының төрағасы.
Өскемен қаласының әкімнің орынбасары Ирина Смит және Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы Александр Светаш шараның шымылдығын ашып, кеш иесіне әкімнің құттықтау хатын тапсырып, иығына шапан жапты. Кеш қонақтары ақжарма тілектерін арнап, сый-сияпаттарын жасады. Шараға аудандардан арнайы келген өкілдер құттықтау сөздерін оқыды.
Күршімде туып, Үлкен Нарын, Марқакөл – Боран, Тарбағатай ауданы, Шығыс өңірінде басшылық қызмет атқарған ел ағасы Сайлаухан Әбілханұлы кеш соңында жиналған жұртқа алғысын білдірді.