Республика күні - Қазақстанда тұратын барлық этностардың ортақ мерекесі
Қазақ елінің тәуелсіздігі мен ұлттық бірлігінің символы болған Республика күні – еліміздің саяси өміріндегі маңызды мереке
![Усть-Каменогорск и ВКО / Республика күні - Қазақстанда тұратын барлық этностардың ортақ мерекесі Усть-Каменогорск и ВКО / Республика күні - Қазақстанда тұратын барлық этностардың ортақ мерекесі](/upload/iblock/150/sgtzpemhyu9xgo8p0z9gj5krfmgeewnc/14ab8dde_58ff_4ed6_aa47_ee7bb42fe8df.jpg)
2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл күн 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны" қабылдаған күнге арналады, Осы күннен бастап Қазақстан өзінің тәуелсіздігін өз еркімен басқаруға бағытталған алғашқы қадамдарын жасап, жаңа мемлекет болашағын анықтау жолында маңызды шешімдер қабылдады.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялау үшін ұзақ әрі күрделі жолдан өтті. Кеңестік империяның құрамында болған еліміз, 1991 жылы толық тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өзінің мемлекеттік құрылымын жаңғырту, саяси және экономикалық жүйелерін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізді.
Бұл күнді тойлау арқылы біз өз тарихымызға, еліміздің егемендігін сақтау мен дамыту жолындағы ұлы әрекеттерімізге құрмет көрсетеміз. Республика күні мерекесі Қазақстанның саяси еркіндігін, демократиялық даму жолдарын, ұлттық бірлікті дәріптеу күні болып табылады. Бұл күн сондай-ақ, еліміздің мемлекеттілігі мен оның болашағына деген сенімді нығайтады. Республика күні мерекесі қазақ халқының өзінің мәдениеті, тарихы мен тіліне деген сүйіспеншілігін арттырады. Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігі халықтың өз тағдырын өзі шешуге, ұлттық ерекшелігін сақтауға, шет елдермен тең деңгейде қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін көптеген реформаларды іске асырды. Ел экономикасын қайта құру, саяси жүйені жаңарту, құқық қорғау органдарын нығайту секілді маңызды өзгерістер жүзеге асырылды. Қазақстан халықаралық аренада өзін мойындатып, көптеген елдермен дипломатиялық қатынас орнатты, - дейді Өскемен қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы Зухра Раймханова.
Қазіргі Қазақстан бұл көп ұлтты, бірлігі бекем, саяси тұрақтылық пен экономикалық дамудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізген мемлекет. Қазақстанның әр түрлі этникалық топтардан тұратынына қарамастан, халықтың бірлігі мен ынтымағы арқасында еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Республика күні елімізде тұрып жатқан барлық халықтың ортақ мерекесі болып саналады.
Республика күні қазақ халқының, барлық этностардың ортақ мерекесі ретінде, елдің ынтымақ-бірлігін, тәуелсіздікке деген құрметін және болашаққа деген үмітін нығайта түседі. Қазақстанның Республика күні еліміздің өткенін бағалап, болашаққа нық қадам басуға мүмкіндік беретін маңызды күн болып қалмақ.