Өскеменде "Шығыс салбурыны" фотокөрмесі ашылды
Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан фотокөрме 10-14 қыркүйек күндері өтеді
Фотокөрме А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана ғимаратында өтіп жатыр, деп хабарлайды Устинка LIVЕ тілшісі.
Фотокөрме Шығыс Қазақстан облысында өткен бүркітшілердің дәстүрлі "Шығыс салбурыны" халықаралық фестиваліне арналды. Аймағымызда төртінші рет өткен фестивальға Моңғолия, Қытай, Мажарстан, Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясының құсбегілері қатысып, қырандарының бабын сынаған болатын. Сонымен қатар, тақымы мықты жігіттер асау үйретіп, мергендер садақ атудан сынға түскен. Ауқымды іс-шара барысында жерлес фотографтардың объективіне іліккен, фестиваль жайлы сыр шертетін фотосуреттер осы көрмеде халық назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, шара аясында арнайы шақырылған құсбегілер бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу, өз кәсіптерінің қыр-сыры, саятшылық дәстүр, оның қазіргі таңдағы дамуы, насихатталуы жайлы әңгімелеп, қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Қала тұрғындары мен қонақтары "Шығыс салбурыны" фотокөрмесін ертең де тамашалай алады.