ШҚО-ға 150-ден астам Аяз ата мен Ақшақар келеді
ШҚО-да алғашқы рет "Аяз ата, Ақшақар – 2024" республикалық фестивалі өтеді
19-21 желтоқсан аралығында өтетін "Аяз ата, Ақшақар – 2024" республикалық фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам Аяз ата мен Ақшақар қатысады деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Фестиваль қонақтары мен қатысушыларын үш күндік қызықты бағдарлама күтеді. Фестивальдың бірінші күні 19 желтоқсанда Риддер қаласында олимпиадалық резерв мектебінің аумағында ертегі кейіпкерлерінің шаңғы жарысы, жаңажылдық көңіл-күйді көтеретін қызықты флешмоб өтеді.
20 желтоқсан күні барша Аяз ата мен Ақшақарлар "Алтай Альпісі" тау шаңғысы курортында жиналады.
Фестиваль қонақтарына әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады:
- Сәндік-қолданбалы шығармашылық шеберханасы;
- Бейнелеу өнері шеберханасы;
- Безендірілген шырша қасындағы Аяз Ата мен Ақшақар фото аймағы;
- Слайм-Студиясы;
- Шырша ойыншықтарын жасау;
- ЛЭД экрандағы вокалдық байқау;
- Ақылдылар сайысы;
- Би марафоны;
- Шаңғы тебуді үйрену;
Фестивальдің 3-ші күні 21 желтоқсанда Солжағалау саябағының аумағында орналасқан Аяз Ата резиденциясының маусымдық ашылуы болмақ. Ал кешкі мерекелік бағдарламада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен өтетін облыстың бас шыршасын жағу рәсімі өтеді.