Өскемендік командир Ұлттық ұлан үздігі атанды
Кіл мықтының арасынан кім мықтыны анықтаған сайыс үш күнге ұласты
Әрбір жауынгер сайысқа сақадай сай дайындықпен келген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Олар мұның алдында әскери бөлім арасындағы жарыста суырылып алға шығып, топ жарып шыңдалған. Кіл үздіктер бас қосқан байқауда офицерлер «үздік батальон командирі», «үздік штаб бастығы», «батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі үздік орынбасары» аталымдарын өзара сарапқа салса, сержанттар құрамы «үздік взвод сержанты, «үздік бөлімше командирі» атану жолында барын салды.
Сайысқа әскери бөлімдерден іріктелген 11 офицер мен 10 сержант қатысуда. Шара мақсаты жеке құрамды жетілдіру. Байқау барысында олар мемлекеттік-құқықтық дайындық, қызметтік-жауынгерлік қолдау тәсілі, жалпы әскери жарғылар және де дене шынықтырудан сынақ тапсырды. Сонымен қатар атыс алаңында әртүрлі позициядан белгілі бір нысанаға оқ жаудырды, - дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Дәурен Жағыппаров.
Сайыс қорытындысы бойынша Өскемен қаласындағы №3477 әскери бөлімінің арнайы комендатурасының коменданты майор Сардор Мұхтаров қаруластарынан оқ бойы озып шығып, «үздік батальон командирі» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ол келесі кезеңге дайындықта дене шынықтыру сынағына басым көңіл бөлмек.
Мен бұл байқауда екінші рет өз бағымды сынап тұрмын. Бүгінгі жеткен жетістігіме қуаныштымын. Сын-сайыста бәсекелестік тудырған 3514 әскери бөлімінің намысын қорғаған әскери қызметші болды. Алайда жарыс барысында өзімді қамшылай түстім. Нәтижесінде, міне, үздік атандым, - дейді 3477 әскери бөлімінің екінші арнайы комендатурасының коменданты майор Сардор Мұхтаров.
Сайыс жеңімпаздарына арнайы дипломдар табысталды. Ұлттық ұланның батальондық бөліністегі офицерлердің кәсіби шеберлігін тексеру бойынша ұйымдастырылған байқауда алдыңғы санаттан көрінгендер желтоқсан айында өтетін сайыстың үшінші кезеңіне жолдама алды.