Өскеменде нәзік жандар ант қабылдады
Отан алдындағы борышын атқаруға келген үш нәзік жанды қару асынып ант қабылдады
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №3477 әскери бөлімінде ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Олардың бірі - қатардағы Әмина Айтмұкашева. Ол тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімінің психологі қызметін атқармақ.
Бүгін мен үшін ерекше күн. Оттан ыстық Отанымды қорғауда тайынбай қызмет етуге әзірмін. Кешегі Әлия, Мәншүк сынды батыр қыздардың ерлікке толы даңғыл жолдары бізге үлгі. Сондықтан ендігі уақытта Отан алдындағы борышымды адал атқаруға барымды салмақпын, - дейді қатардағы жауынгер Әмина Айтмұкашева.
Салтанатты шараға Ұлттық Ұлан өңірлік қолбасшылығының әскерилері мен ардагерлер қатысты. Олар жастарға ізгі тілектерін жолдады. Бүгінгі кеште әрбір ант қабылдаушы өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен сезінгені анық. Өйткені салтанатты рәсім әскерилер үшін ерекше жоралғы саналып, қатардағы жауынгерлер бойындағы патриотизмді арттырып, Ұлттық ұлан қатарында адал қызмет атқару тәрізді қасиеттерге тәрбиелейді. Айта кетейік, үш жүзге жуық әскери қызметші қызмет атқаратын әскери бөлім мемлекеттік маңызды мекемелерді күзетеді.