Өскеменде үш өңірдің әскери тәрбиешілері бас қосты
Өскеменде Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі бөлім бастықтары және батальондар командирлерінің орынбасарларымен оқу-әдістемелік жиын өтті
Жиынға Павлодар, Семей, Курчатов және Өскемен қаласынан 15 офицер қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жиынның негізгі мақсаты – тәрбиелік сипаттағы күнделікті іс-шараларды ұйымдастыруда әдістемелік дағдыларды жетілдіру. Қатысушылар жеке құрамды тәрбиелеуде жаңа тәсілдерге бет бұрып, өзара пікірі алмасу арқылы өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады. Сондай-ақ тәрбиеші-офицерлер дене дайындығы мен басшылық құжаттардан сынақ тапсырып, қабырға баспасынан байқауға қатысты.
Жеке құрамның моральдық рухы мен психологиялық жай-күйі оң бағыттағы тәрбие әдістемесіне байланысты. Ал тәрбие әдістемесін санаға сіңіру әрбір азаматтың өзінен басталады. Ол үшін алдымен әскери қызметшінің бойында өмірге деген құштарлық болу қажет. Бұл қасиет алға қойған мақсаттың орындалуына зор серпін береді, - дейді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салықбаев.
Тәрбиешілердің кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған шара үш күндік жиынның қорытындысы бойынша үздік тәрбиеші офицерлер мақтау қағаздарымен марапатталды.