9 қазанға арналған әлемдік жаңалықтар легі
Устинка Live жаңалықтар порталы өткен түнде БАҚ назарына түскен саясат экономика салаларында орын алған маңызды жаңалықтарға шолу жасады
БАҚ: Путиннің шақыруымен Макрон Ресейге барады
2018 жылдың мамыр айында Санкт-Петербургте өтетін Халықаралық экономикалық форумға Франция президенті Эмманюэль Макрон Ресейден шақыру алды. Париж бұл ұсынысты қабылдауға дайын.
Париждегі дипломатиялық ақпарат көздерінің хабарлауынша, Макронның бұл форумға қатысатыны туралы шешім қабылданып қойған. Тек ресми түрде әзірге жарияланбай отыр.
- Ресейдегі президент сайлауы тек наурыз айында өтеді. Оның қорытындысы бізге аян болғанымен, әлі қайта сайланбаған Владимир Путиннің шақыруын қабыл алсақ дұрыс болмас еді, - дейді ақпарат көзі.
Санкт-Петербургтегі Халықаралық экономикалық форум 2018 жылдың 24-26 мамыр аралығында өтеді.
Трамп мені әлемге танымал етті – Мадуро
Венесуэла президенті Николас Мадуро американдық әріптесі Дональд Трампқа алғыс айтты. Трамп оның есімін қайталай берген сайын, Мадуро атақты бола түседі екен.
- Трамп мені бүкіл әлемге танымал етті. Империя басшысы бір күнін қалтырмай менің есімімді атай берсе, жақсы істер атқарып жүргенімнің белгісі, - деді ол мемлекеттік телеарнадан.
«Трамп өзін Венесуэла оппозициясының басшысы етіп тағайындап алды» деп әзілдеді Мадуро .
НАТО серіктес-елдерге қолдауын кеңейтеді
НАТО Грузия, Молдава және Украина сынды серіктес-елдерге стратегиялық байланыс көмегін көрсету туралы қарарды қабылдады. Бұл туралы НАТО делегациясының басшысы, Петр Порошенко Блогының халық депутаты Ирина Фриз хабарлады.
Қарар бойынша, НАТО мүше-елдері жеке меншік медиа-компаниялармен бірлесе отырып, жалған жаңалықтарды, жауластырушы үгіт-насихатты анықтайтын арнайы бөлімдер құруы керек.
Еуроодақ Сербиядағы босқындарға көмектесу үшін төрт миллион еуро бөледі
Бұл туралы Еуропалық комиссия хабарлады.
- Еуропалық комиссия Сербиядағы мыңдаған босқындарға гуманитарлы көмек көрсету үшін тағы төрт миллион еуро бөледі, - дейді хабарландыруда.
ЕО деректері бойынша, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Сербияда 4 мыңнан астам босқын тіркелген.
2016 жылы Балқан елдері мигранттарға өз шекараларын жауып тастаған соң, босқындардың біраз бөлігі Сербия арқылы Орта және Батыс Еуропаға өтуге тырысуда.
Трамп Тиллерстонды ауыстырады
Егер Рекс Тиллерстон мемлекеттік хатшы қызметінен кететін болса, АҚШ президенті Дональд Трамп оның орнына Орталық барлау басқармасының басшысы Майк Помпеоны қояды.
Бұл туралы NBC News телеарнасы хабарлады.
Трамппен қақтығысып қалған Тиллерстон қызметінен кетуі мүмкін деген ақпарат осыған дейін жарияланған.
Лас-Вегастағы қырқыннан соң БАҚ назары Трамптан бұрын Тиллерстонға ауған. АҚШ президенті бұған қатты наразы болған.