Елбасыны әлем елдерінің басшылары құттықтап жатыр
77 жасқа толған ҚР Президенті Н.Назарбаевты әлемнің түкпір-түкпірінен ел басшылары құттықтап, өз тілектерін арнап жатты
Н.Назарбаевты Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғыстан, Тәжікстан, Түрікместан, Ресей, Беларусь, Сербия, Қытай, Украина, Армения президенттері туған күнімен құттықтады.
Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты әрі көреген басшылығымен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени салалары жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтіп, еліміздің жаһандық үдерістерге белсенді атсалысып отырғанына назар аударды, деп хабарлайды Ақорда сайты.
И.Әлиев Мемлекет басшысының Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы достық пен тату көршілік дәстүрін сақтау ісіндегі еңбегін жоғары бағалады.
«Тарихи тамыры бір халықтарымыздың қалауымен мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынас, серіктестігіміз, екіжақты және көпжақты ынтымақтастығымыз бұдан әрі де қарқынды дами беретініне сенімдімін.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, осы айтулы күнде Сізге зор денсаулық, бақыт және бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметіңізге табыс тілеймін», – делінген құттықтау хатта.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқының игілігі үшін іске асырылып жатқан ауқымды жобалар мен бағдарламалардың нәтижелеріне тоқталды.
Сонымен қатар, Ш.Мирзиёев Мемлекет басшысының Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның халықаралық аренадағы беделін арттырудағы маңызды бастамалары мен белсенді қызметін жоғары бағалады.
«Оған дәлел ретінде әсем әрі заманауи Астанада Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуын, жаһандық және өңірлік саясат пен қауіпсіздік, экономика мен инвестициялар, мәдениет пен ғылым салаларындағы ірі іс-шаралардың табысты өтуін, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы тиімді жұмыстар мен табысты өзара іс-қимылды атап өтуге болады», – делінген жеделхатта.
Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық, бақ-береке және жауапты мемлекеттік қызметте жаңа табыстарға жетуге тілектестік білдірді.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Елбасының мемлекетімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуда және Қазақстанның әлемдік аренадағы орнын нығайтуда зор үлес қосқанын атап өтті.
«Сіздің елдеріміз арасындағы одақтастық пен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасты нығайтудағы, сондай-ақ өзара тиімді интеграциялық үдерістерді дамытып, еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жеке үлесіңіз ұшан-теңіз.
Арамыздағы өзара түсіністік пен сенімді жоғары бағалаймын. Біз екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша бірлесіп жемісті қызмет атқарып келеміз», – делінген хатта.
В.Путин Мемлекет басшысына зор денсаулық, бақ-береке тілеп, Қазақстан халқының игілігі жолында жаңа табыстарға жетуге ниеттестігін білдірді.