Азиядағы пара ойындарда қазақстандық дзюдошылар 2-орында тұр
Қытайдағы Азия пара ойындарының қазір нағыз қызған шағы басталды
Алғашқы үш күннің қорытындысы бойынша ел мерейін тасытқан пара дзюдошыларымыздың өнерін ерекше атап өткен жөн.
Олар жарыс барысында 14 медаль (3 алтын, 4 күміс және 7 қола) олжалап, жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты.
73 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі (J-1-санаты) екі қазақ дзюдошысының финалдық белдесуі өте әсерлі әрі тартысты өтті. Ерғали Шемей мен Асылан Нұрдәулетов арасындағы кездесуде Ерғалидің мерейі үстем болды, - деп атап өтті ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев. - Осындай керемет нәтижемен спортшыларды, жанкүйерлерді және жаттықтырушылар құрамын құттықтаймын. Қазір бүкіл ел біздің дзюдошыларымызды мақтан тұтады. Олар осы жетістіктері арқылы Азия Пара ойындарына жақсы дайындықпен келгенін көрсетті.
Алда бізді Париждегі Паралимпиада ойындары күтіп тұр.