Түркияда жол апатына түскен қазақстандық жансақтау бөлімінде көз жұмды
Дүйсенбі күні Алания қаласында қазақстандық бір отбасы жол апатына түсіп, екі адам көз жұмған еді
Бүгін сол отбасының отағасы да бақилық болды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетсек, 4 қыркүйек күні Түркияның Алания қаласында сафари-көлік пен жеңіл автомобильдің соқтығысуы салдарынан журналист, "Зейін Атырау" ерекше балаларды оңалту орталығының негізін қалаған Арайлым Бағытжан мен 2 жасары қызы оқиға орнында қайтыс болды.
Ал ер адам мен ұл баланы ауруханаға алып кеткен болатын. Бүгін ер адамның көз жұмғаны белгілі болды.
Ұлдарын туыстары алып кетті, ол Қазақстанда. Осы отбасының үш мүшесінің мүрделерін бүгін Қазақстанға жібереді, - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров агенттік тілшісіне.