Бір әулеттен 11 адам Сырдарияға батып кетті
Кеше Түркістан облысында тыйым салынған орында суға түсіп жүрген бір әулеттің 11 адамы суға батып кетті
Қазіргі таңда олардың сегізінің денесі судан шығарылды, үш адамның мәйіті іздестірілуде, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Қайғылы жағдай Отырар ауданындағы Сырдария өзенінен өтетін көпір маңында болды. Суға кеткендердің барлығы Көксарай ауылында тұратын 4 ағайындының отбасы мүшелері, олар тыйым салынған жерге шомылуға барған.
Жағдай облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлыпхар Жолдасов пен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев аталған жерде болып, нұсқаулықтар жүргізді. Қайғы жамылған әулеттің үйіне барып, көңіл айтты. Тиісті көмек ұйымдастырылатын болады, - делінген Түркістан облысы әкімдігі таратқан хабарламада.
Қазір оқиға орнында 144 бригада, 16 техника, 6 жүзу құралы жұмыс істеп жатыр. Іздестіру шаралары түнде де тоқтаған жоқ.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб жұмыс істеп тұр.