Ресей ҰОС-да қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің сүйегін табыстады
1942 жылы Ржев түбіндегі қанды шайқаста қаза тапқан екі қазақстандық жауынгер елге жеткізіліп, құрметпен жерленетін болады
Екі жауынгердің бірінің туыстары табылса, екіншісінің туыстары әлі де іздестірілуде, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚР РФ-дағы Елшілігі ақпаратына сүйеніп.
Мәскеудегі Қазақстанның Елшілігінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің сүйегін тапсыру рәсімі өтті.
Оларды Тверь облысынан "Память поколений" және "Фронтовые дороги" іздестіру топтары тапты. Жауынгерлердің медальондарында сақталған жазбалардың арқасында 1903 жылы Алматы облысында туған Филипп Парасенко мен 1913 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туған Иван Сурниннің жеке бастарын анықтау мүмкін болды. Екеуі де 1942 жылы Ржев түбіндегі қанды шайқаста қаза тапқан.
ҚР РФ Елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде Қазақстан қаза болған ата-бабаларымызды еске алып, құрметтейтінін атап өтті.
Сіздер үлкен іс атқардыңыздар, сонымен қатар, соғыс жылдарындағы халықтың ерлігі туралы тарихи жадымызды қалпына келтіру және сақтау үшін әлі де көп жұмыс жасайтындарыңызға сенімдімін, - деп іздестірушілерге алғысын білдірді.
"Атамның аманаты" қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев бірлестік жұмыс істеген бес жыл ішінде соғыс жылдарында хабарсыз кетіп, қаза тапқан 2,5 мыңнан астам қазақстандықтың тағдырын анықтау мүмкін болғанын еске салды. Ол Иван Сурниннің туыстары табылғанын, ал Филипп Парасенконың туыстары іздестіріліп жатқанын айтты. Жақын арада жауынгерлердің сүйегі Қазақстанға жеткізіліп, толық құрметпен жерленетін болады.