Іле Алатауында Австралия азаматы жоғалып кеткен
Жексенбі күні Үлкен Алматы шатқалына қарай тауға шығып кеткен Херд Джейк Майкл қайтып оралмаған
Туристі іздеуге тауға арнайы топ жіберілді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР ТЖМ ақпаратына сүйеніп.
Австралия азаматы дос қызы екеуі 20 мамырда Қазақстанға туристік мақсатта келген. 22 мамыр күні кері ұшулары керек болатын. Дос қызының айтуынша, оны 20 мамыр күні соңғы рет көрген. Олар 22 мамыр күні әуежайда кездесулері керек болатын. Алайда Херд Джейк Майкл әуежайға келмеген соң құрбысы құзырлы органдарға хабарлаған.
Херд Джейк Майкл 21 мамырда Қазыбек би көшесі, 66 мекенжайындағы "727" жатақханасынан Үлкен Алматы көліне (БАО) шыққан. Оның желідегі парақшасында артқы жағында көл бейнеленген суреті салынған. Алайда содан бері оны ешкім көрмеген.
Австралия азаматының жоғалып кету дерегі бойынша іздестіру ісі қозғалды.
Криминалдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен кинолог-мамандар арасынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Шетелдік азаматты іздеу бойынша барлық полиция бөлімшелеріне бағыт-бағдар берілді. Сонымен қатар, еріктілердің ресурстары барынша пайдаланылуда. Қазір қолда бар ақпаратқа сәйкес, Австралия азаматын 21 мамырда БАО аймағында көрген. Ер адам космостанциясына қарай бет алған. Аталған аумақты ескере отырып, тікұшақ бригадалары мен республикалық жедел-құтқару жасағының күштері тартылды. Бейне барлау дрондармен жүргізіліп жатыр, - деді Алмалы аудандық ПБ бастығы Есен Ысқақов.
Қазір оны құтқарушылар екі топқа бөлініп Іле Алатауынан іздестіріп жатыр.
Туристі іздеуге 6 адамнан тұратын Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары және 1 кинологиялық есептоп жіберілді. Содан кейін оларды 10 құтқарушы бір техникамен ауыстырып, Аюсай және Проходное шатқалына қарай екі топқа бөлініп іздеуге кірісті, - делінген ҚР ТЖМ ақпаратында.