Қырғызстанда фонограммаға тыйым салынды
Енді жаңа жылдан бастап қырғыз бауырларымыздан кез келген концертте тек жанды дауыста ән айту талап етіледі
Қырғызстанда 2023 жылдың қаңтарынан бастап фонограммамен ән айтуға тыйым салынды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қырғызстан Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі осындай бұйрыққа қол қойған.
Құжатта барлық мемлекеттік мәдени-ағарту мекемелері, атап айтқанда, театр, спорт мекемелері, филармония, концерттік зал, кинотеатр, клуб, мұражайлар, министрлік қарамағындағы кітапханаларда өткізілетін концерттердегі вокалдық қойылымдардың барлығында жанды дауыспен өнер көрсету керектігі айтылған.
Бұйрық 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Оның орындалуына жауапкершілік осы мекемелердің басшыларына жүктеледі. Бұйрықтың орындалуын министр қадағалайтын болады.