Түркияда оқып жүріп жоғалған қазақстандық студент бір апта қайда болған?
Измир қаласында оқып жатқан қазақстандық студент Рауан бір аптадан кейін табылды. Оқиғаның мән-жайы әлі жұмбақ
22 қазан күні түнгі клубта жоғалған Рауан Дарханұлы 28 қазан күні қала шетіндегі орманнан табылған, деп хабарлайды Устинка LIVE журналист Гүлмира Әбіқайдың ақпаратына сүйеніп.
Рауанның табылғанын Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығы да мәлімдеді.
Осы уақыт аралығында Бас консулдық Измир губернаторымен, Измир полициясымен және қазақстандықтар арасынан шыққан еріктілермен жоғалған адамды іздестірді. Бүгін, 28 қазанда ол табылып, полиция бөліміне жеткізілді. Оның қасында анасы мен консулдық қызметкерлер бар, - делінген Бас консулдықтың хабарламасында.
Ведомство өкілдері студенттің қай жерден және қандай жағдайда табылғанын нақтыламады.
Еске салайық, бұған дейін Әлеуметтік желілерде жоғалған студенттің туыстары Рауан Дарханұлы мен үш студенттің 22 қазанда кешке Докуз Эйлуль университетінің кампусынан кешкі ас ішу үшін шыққанын хабарлаған. Рауанмен бірге білім алатын студенттердің айтуынша, олар кафеден шыққан кезде Рауан смартфонның жоғалғанын түсінген. Смартфонын іздеу үшін ас ішкен жерге қайта барып, оралмаған.
Рауан жайлы сан пікір, сан болжам. Мынау баланы қала шетіндегі орманнан әкеле жатқан сәт. Түріне қарасаң ойнап-күліп жүргенге ұқсамайды. Әбіржіп кеткен. Рауанмен бірге курсқа түсіп, бірге жүрген қазақстандық танысы (досы) “22.10 түнде клубта ажырап қалған соң Рауанды көрген жоқпын” деп еді. Ертеңіне 23.10.22 екеуі көшеде бірге жүргені камераға түсіп қалған. Анасы баласының телефоны өшіп, хабарсыз кетсе де картасына күніне 10-20 мың теңге салып тұрғанын айтады. Неге, не үшін? - деп жазды осы ақпаратты қазақстандықтарға алғашқылардың бірі болып жеткізген тілші Гүлмира Әбіқай.