Сеулде Хэллоуинді тойлау кезінде қазақстандық қаза болған
Сенбі күні Оңтүстік Кореяның астанасында Хэллоуин тойлау кезінде 150-ден астам адам көз жұмған
Олардың арасында Кореядағы ЖОО-лардың бірінде білім алып жатқан Қазақстан азаматы да болғаны мәлім болды, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сеул қаласының жедел штабы мен полициясының мәліметінше, Итэвон ауданындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандар арасында 1996 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматы болған. Ол - Ақтөбе облысының тумасы. Қазақстан азаматы Корея Республикасында жоғары оқу орындарының бірінің студенті болған.
Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан адамның туыстарымен байланыста, құжаттар ресімделіп жатыр және мәйітті Қазақстанға жөнелтуде барлық қажет көмек көрсетіледі, - делінген Сыртқы істер министрлігі хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Сеулде Хэллоуинді тойлау кезінде 151 адам қайтыс болып, 82 адам жараланғаны хабарланған болатын.