Хоккейден әлем чемпионаты кейінге шегерілді
Халықаралық хоккей федерациясының кеңесі (IIHF) Швейцариядағы 2020 жылғы әлем чемпионатын өткізбеу туралы шешім қабылдады
IIHF баспасөз қызметінің хабарлауынша, коронавирус пандемиясы - ойынды тоқтату себебі.
- Шешім коронавирустың (COVID-19) жалғасып жатқан пандемиясына байланысты қабылданды. Ағымдағы жағдайды және түрлі мүдделі тараптармен кейінгі талқылауларды ескере отырып, IIHF Кеңесі Цюрихте және Лозаннда 2020 жылғы шайбалы хоккей бойынша әлем чемпионаты өткізілмейді деп шешті, - деп атап өтті федерацияда.
Сонымен қатар, 21-23 мамыр аралығында Цюрихте өтуі тиіс жыл сайынғы IIHF конгресі белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды.
IIHF кеңесі алдағы аптада қабылданған шешімнің барлық салдарын талқылап, бағалайды, сондай-ақ конгрестің өтетін күні мен орнын таңдайды.
IIHF-те турнирдің басқа елге көшірілуі мүмкін еместігін атап өтеді.
- 2020 жылғы шайбалы хоккейден әлем чемпионатын басқа елге ауыстыру мүмкіндігі жоқ. Швейцариядағы әлем чемпионатын басқа жылға көшірудің ықтимал сценарийі - бұл әлем чемпионатын ұйымдастырушы елдердің 2025 жылға дейін таңдалғанын ескере отырып, конгресс шеңберінде талқылануы тиіс мәселе, - делінген хабарламада.