Мемлекет басшысы Моңғолияға мемлекеттік сапармен барды
Сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіліп, бірқатар маңызды құжатқа қол қою жоспарланған
Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі Моңғолияға алғашқы сапары, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, Моңғолия – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Қос халықтың дәстүрі мен мәдени-тарихи тамыры ортақ.
Құрметті Президент, бүгін Сіздің шақыруыңыз бойынша Моңғолияға мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Маған және Қазақстан делегациясына, бұл – үлкен құрмет. Бүгін біз екіжақты маңызды құжаттарға, соның ішінде Қазақстан мен Моңғолия арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы декларацияға қол қоямыз. Бұл қадам елдеріміздің барлық деңгейдегі ықпалдастығын жандандыруға арқау болмақ. Сондай-ақ қос халықтың игілігі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Шын мәнінде, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары соңғы рет осыдан 16 жыл бұрын болған еді. Еліміз Сіздің бүгінгі сапарыңызды екіжақты ынтымақтастықтың таяу жылдардағы перспективті бағыттарын айқындайтын мезет ретінде қарастырады. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейге шығару тұрғысынан өте маңызды, – деді Моңғолия Президенті.
Мазмұнды әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту перспективасына айрықша мән берді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, тау-кен және металлургия кешені, энергетика, көлік-логистика, қаржы салаларындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланды.
Қазақ және моңғол халықтары – Ұлы дала өркениетінің мұрагерлері. Ынтымақтастықты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру екі елдің мүддесіне сай келеді. Біз моңғол халқына үлкен құрметпен қараймыз және Моңғолияның жетістігіне әрдайым қуанамыз. Қазіргі уақытта Сіздің бастамаңызбен ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар қолға алынды. "Vision-2050", "Азық-түлікпен қамтамасыз ету және оның қауіпсіздігі", "Салауатты моңғол ұлты" сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөздер аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында екі ел делегациялары төмендегідей құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасы;
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
4. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Моңғолияның Жол және көлік саласын дамыту министрлігі арасындағы автомобиль жолдарын дамыту туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Моңғолияның Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы жоспар;
6. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
7. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
8. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Моңғолияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
9. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен Моңғолияның Бас ветеринариялық басқармасы арасындағы ветеринария қызметі және карантин саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
10. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Моңғолияның Цифрлық даму, инновациялар және коммуникациялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
11. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Моңғолияның Атом энергиясы жөніндегі комиссияның атқарушы кеңсесі арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.