Париж Олимпиадасы – 2024: Қазақстан қоржыны тағы екі күміс жүлдемен толықты
Олимпиаданың он екінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде бар
Кеше былғары қолғап шебері Нұрбек Оралбай мен грек-рим күресінен тәжірибелі палуанымыз Демеу Жадыраев қос бірдей жүлдемен қанжығаны майлады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Боксымыз Нұрбек Оралбай (80 кг) Париж Олимпиадасының финалында Александр Хижнякқа (Украина) есе жіберіп, күміс жүлде иеленді.
Грек-рим күресінен тәжірибелі палуанымыз Демеу Жадыраев (77 кг) Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Ол финалда биыл Азия чемпионы атанған жапон Нао Кусакаға есе жіберді. Есеп: 2-5.
– Демеу Жадыраевты Олимпиаданың күміс жүлдегері атануымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тарихи белдесу болды. Тұтас халық Демеудің тілеуін тіледі. Отандастарымыз мұндай белдесуді 20 жыл күтті. Жадыраев бозкілемде барын салып, нағыз шебер палуан екенін көрсетті. Бұйырғаны күміс жүлде болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең мықты спортшылар арасында Олимпия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алу – зор жетістік екенін атап өткім келеді. Жадыраев өзінің табандылығының, жеңіске деген ұмтылысының және еңбекқорлығының арқасында грек-рим күресінің миллиондаған жанкүйеріне нағыз мереке, ұмытылмас эмоция мен қуаныш сыйлай алды. Барлық жаттықтырушылар штабына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Төртжылдықтың басты додасындағы чемпиондарымызға жаңа жетістік пен жеңістер тілеймін! – деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.