Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиадаға іріктеуді жеңістен бастады
Шайбалы хоккейден 2022 жылғы қысқы Олимпиадаға үшінші іріктеу кезеңі 6-9 ақпан күндері елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласында өтеді
6 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласында хоккейден Н тобының олимпиада қарсаңындағы іріктеуінің үшінші кезеңі басталды. Бүгін турнир аясында екі матч өтті деп хабарлайды Olympic.kz.
Жарыс шымылдығын ашқан кездесуде Польша мен Нидерланд командалары кездесіп, поляктар 8:0 есебімен басым түсті.
Ал кейін айдынға Қазақстан мен Украина командалары шығып, біздің хоккейшілер 8:1 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан сапынан Дмитрий Шевченко, Егор Петухов, Дастин Бойд, Роман Старченко, Талғат Жайлауов, Даррен Диц, Аркадий Шестаков, Валерий Ореховтер көзге түскен.
Украина командасының жалғыз шайбасын Сергей Бабинец соқты.
Айта кетелік, 2022 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі төрт айналымнан тұрады. Халықаралық федерация рейтингіне сәйкес, Қазақстан турнирді үшінші кезеңнен бастайды. G, H, J тобындағы жеңімпаздар төртінші кезеңдегі үш финалдық топқа қосылып, кейін төртжылдық додасының жолдамасына таласады.
Алдағы күндері Қазақстан Польша мен Нидерландыға қарсы ойын өткізеді.