Полицейлер өртенген қарттар үйінен қарияларды көтеріп шығарды
Қарағанды облысында қарттар үйі өртендіп, лапылдаған алаудан құтқарушылар мен полицейлер қарияларды көтеріп шығарды
Фото:
vistanews.ru
Ғабиден Мұстафин атындағы аядай ғана ғана ауылды былтырдан бері қырсық атаулы шыр айналдырып жүр. Былтыр наурыз қарсаңында клубтың шаңырағы опырылып ортасына түскен. Іле шала қызыл су басып, қарқынмен жүріп өткен тасқын баспаналарды қиратып мал мен жанды ұлардай шулатқаны есте. Енді 22 қария тыныштық тауып отырған ғимарат отқа оранды, деп хабарлайды КТК сайты.
Тілсіз жау күндізгі сағат он бірлер шамасында ғимараттың от жағатын бөлігінде тұтаныпты. Қайта жақын жерде орналасқан өрт сөндірушілер жетіп, полиция бөлімшесіндегілер де қоса келген. Қарттардың барлығын солар арқалап алып шығыпты.
Төлеу Келдебекова, Қарттар үйінің тұрғыны:
- Әлгі полиция балалар осында алып келді. Тіпті аламыз деген заттарымызды алғызған жоқ. Өзіміз тасимыз деп. Апа өзің аман қалсаң болды деп. Тәубә сендерің барларыңа, Әйтеуір көмектесіп жатырсыңдар. Жыласам қаным көтеріледі.
-Ғимарат толықтай ағаштан жасалғандықтан тілсіз жауды ауыздықтау оңайға түспеген сыңайлы. Өйткені мына қабырғадағы ағаштардан тараған от кез келген бөлмені тесіп шыға берген. Көптеген бөлмелердің төбелері мынадай боп опырылып түсіпті.
Мамандардың айтуынша, тілсіз жау пештен шығатын мұржаның тұсынан тұтанған. Салынғанына жарты ғасыр өтіп, ағаштары кеуіп тұрған ғимаратқа осының өзі жетіп жатыр дейді олар. Ауыл билігі ең бастысы адамдардың амандығына шүкіршілік етеді.
Халел Рысбеков Ғ. Мұстафин ауылының әкімі:
-Тұрғындар әбден шошынып қалғаны жасырын емес. Былтыр көктемде Мәдениет үйіміз қирады. Одан кейін топан су басты. Қыруар шығын болды. Өрттен кейін де ел мазасызданды. Қайта өрт түнде емес, күндіз болды.
Қазір, панасыз қалған қариялар мынадай үш пәтерге уақытша орналастырылған. Жатын орны мен киім кешектері де түгел. Алайда өртенген қарттар үйі жекенің қолында болғандықтан, мәселеге мемлекет араласа алмайды. Сондықтан ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары тек демеушілік көмекке ғана қарап отыр.