Із-түссіз кеткен ер адамның денесі Ертістен табылды
Анықталғандай, ер адам достарымен өзеннің жағалауында ішімдік ішіп отырған, кейін суға батып кеткен
16 шілде күні жоғалып кеткен өскемендік Антон Гупаловтың мәйітін құтқарушылар Ертіс өзенінен тапты.
- Марқұмның денесін ШААШҚТ мамандары 21 шілде күні 15.40-та Ертіс өзенінен тапты, - деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы Анастасия Скляр. - Ер адам суға түсуге жабдықталмаған орында суға батып кеткен.
Естеріңізге сала кетсек, Антон Гупалов Ертіс өзенінің жағасына достарымен бірге демалуға кетіп, қайтып оралмаған. Оның заттары Понтон көпірі аумағынан табылған. Азаматтың туыстары полиция қызметіне хабарласқан. Құтқарушылардың айтуынша, оқыс оқиғаға ішімдік себеп болған.
- Бізге достарымен бірге Понтон көпірі астында ішімдік ішіп отырған жігітті көргендер хабарласты. Олар азаматтың судың шетінде отырғанын, біраз уақыттан кейін жоқ болып кеткендігін айтты. Алайда заттары су жағасында жатқан, - дейді ШҚО бойынша ШААШҚТ бас құтқарушысы Анатолий Рожков. - Айта кеткен жөн, адамдардың 70%-ы мас күйінде суға түскендіктен, ал 58%-ы жабдықталмаған орында суға түскендіктен ажал құшады.
Бас құтқарушының сөзіне сүйенсек, өткен аптада суға батқан 10 адамның денесі табылған. Олардың арасында балалар жоқ.