Маңғыстау облысының әскери бөлімінде екі бірдей төтенше оқиға болды
Маңғыстау облысының әскери бөлімінен бір жауынгер қашып кеткен, ал біреуі ауруханаға түсті
КТК теларнасының хабарлауынша, 21 жастағы Сергей Пыхалов дәрігерлік тексеру кезінде әжетханаға сұранып, содан ұшты-күйлі жоғалған.
Қазір табан жалтыратқан жігіттің суреттері қоғамдық орындарда ілініп, кең көлемді іздеу шаралары қолға алынған. Одан бөлек, дәл сол әскери бөлімнің тағы бір 18 жасар жауынгері қолы тілім-тілім болған күйі облыстық ауруханаға жеткізілген. Бұл жағдайларға қатысты бөлім басшылығы мардымды мәлімет бермей отыр. Белгілісі, екі сарбаз да әскер қатарына бір ай бұрын Қарағанды облысынан шақыртылған. Ал осынша жағдайға себеп болатындай әскерилер арасында ешқандай басараздық жоқ көрінеді. Ауруханаға түскен жігіт болса, қолын дәретханадағы айнадан жарақаттап алыпты. Қазір екі жағдаймен де әскери прокуратура айналысып жатыр.
- Кезегі келгенде жетекшісі оны дәретханаға дейін ертіп апарған. Одан әрі қажетін өтеп, жуынып жатқан. Шамамен бір минуттан кейін жетекшісі есік ашқанда көргені мынау. Қабырғадағы айна құлаған, ол ұстап қалам дегенде қолын кесіп кеткен, - 6656 әскери бөлімінің взвод командирі Төлеген Бахтинов.
Қазіргі уақытта ҚР прокуратурасы аталмыш іспен айналыса бастаған.