Өртенген жігіттің мәйіті табылды
Көкбай ауылдық округіндегі «Жылысбай» аймағындағы өртті ауыздықтағаннан кейін отқа күйген жігіттің мәйіті табылды
Даланың өртке оранғандығы туралы суыт хабар 8 шілде күні түскі уақытта келіп түскен, деп хабарлайды ШҚО ТЖД кезекшілік қызметі. 15 гектар жердегі құрғақ шөп өртенген.
- Тілсіз жауды ауыздықтауға төрт көлік және ауылдық округтің 15 адамы жұмылдырылған, - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Келесі күні оқиға орнында өртенген көлік маңынан 37 жасар ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына өрт қауіпсіздігіне салғырт қарау себеп болуы мүмкін.
Қазіргі таңда істі ШҚО ІІД өз бақылауына алды. Қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталу үстінде.