Нью-Йоркте пойыз рельстен шығып кетіп, 30 адам зардап шекті
Нью-Йорк қаласында метродағы пойыз шұғыл тежегішті іске қосудың кесірінен екі вагоны рельстен шығып кетті. Оқиғадан 30 адам зардап шекті
Қаза тапқандар жоқ. Көлік басқармасы басшысы Джо Лотаның айтуынша, теміржол табанында қалдықтар көп жиналып қалған. Сол себепті жүргізуші бірден тежегішті басқан.
- Қазіргі кезде оқиғаның себебі қарастырылып жатыр. Алайда оқиғаның орын алуына теміржол жабдықтарының еш қатысы жоқ, - дейді шенеунік.
Вагондағы жолаушылардың айтуынша ешқандай үрей тумаған. Метро қызметкерлері адамдарды тез арада эвакуациялаған.
Айта кетейік, Нью-Йорк қаласының көлік басқармасына метро пойыздарының график бойынша жүрмейтіндігі жайында талай арыз түскен. Соңғы рет мұндай апат сәуір айында орын алған болатын. Электр қуатының жетіспеушілігінен Манхэттан ауданындағы 12 бекетті жабуға тура келген.