Пәтер алып беремін деп алдап кеткен
Облыс орталығының тұрғыны белгісіз азаматқа тұрғын үй сатып алу үшін бес миллион теңгеден астам қаржы берген
23 шілде күні таңертең Үлбі полиция бөлімінің 102 жедел арнасына алаяқтық фактісі бойынша 52 жастағы әйел жүгінді.
Жәбірленушіге өткен жылы сәуір айының соңында алыс танысы пәтер алуға көмектесетінін айтқан. Ештеңеден күдіктенбеген әйел адам оған барлық жиған-тергенін табыстап, жаңа пәтердің кілтін тосқан. Алайда бұдан кейін күдікті із-түссіз жоқ болып кеткен.
- Жедел-іздестіру шаралары кезінде бірнеше рет сотталған әйел қолға түсті, - деп хабарлайды ШҚО ІІД баспасөз қызметі.
Қазір полиция ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Бұл баптың санкциялары бойынша күдіктінің мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.