Өскеменде әйелге бола екі еркек бір-бірін өлтіре жаздады
Ворошилов көшесіндегі екі жігіттің төбелесі қайғылы жағдаймен аяқталуы да мүмкін еді
Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны, үйленген болса да, таныс қызына хабарласып, онымен кездескісі келетіндігін айтқан. Бірақ бұл уақытта қыздың өзі басқа еркекпен кездесуде екендігін айтып бас тартқан.
Бірақ ұсынысына "берік" "ер жігіт" қоңырау шалуын тоқтатпаған. Содан бір уақытта қыздың ұялы телефонын басқа жігіт көтеріп, енді хабарласпауын өтінген. Алайда екеуі арасында осы кезде "тірес" туып, кездесіп, "мәселені" шешпек болған. Ал қоңырау шалушы "қаһарман" өзімен бірге ас үй пышағын да қалтаға салып алып шыққан.
Сөзге келіп қалған екеуі бірден жұдырық ала жүгірген. Ал күші жетпейтінін сезген "қаһарман" қалтасынан пышағын алып шығып, екіншісіне екі жерден жұмсап жіберген. Үйден айғайлап шыққан қызды көрген басбұзар оқиға орнын тастап, табан жалтыратқан.
Сотта күдікті жігіт пышақты өзін қорғау үшін алып шыққанын айтып, сот судьясынан жазаны жеңілдетуін өтінген. Зардап шегуші де ауыр жаза қолданбауын сұраған.
Ал қалтаға ас үй пышағын салып жүруді "жақсы көретін" жігіт үш жыл бас бостандығынан айырылды әрі Зардап шегушілер қорына 50 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттелген.