Өскемен тұрғыны Ұлттық гвардия әскерилеріне пышақ ала жүгірген
Өскеменде мас әйел көшені патрульдеп жүрген Ұлттық Гвардияның 5518 әскери бөлімінің қызметкерлеріне пышақ жұмсамақ болған
Оқиға кеше кешке сағат сегіз шамасында Защита ауданында болған. Вострецова көшесін күзетіп жүрген әскери жасаққа белгісіз бір әйел пышақ ала жүгірген. Әскерилер оны тыныштандыруға тырысқанымен, әйел бір сарбаздың киімін пышақпен тіліп жіберген.
- Оқиға аяқ астынан болды. Алғашында әйелдің бұл қылығын түсінбей қалдық. Өзімізді таныстырып, қандай көмек қажет екендігін сұрадық. Ал әйел адам болса, құр айғайға басып, пышақ жұмсаумен болды. Бір сарбаздың әскери киіміне пышақ сұғып, жыртып тастады. Кейін «ұстау» командасы беріліп, әйелден суық қаруы тартып алынды, өзі ұсталды, - дейді қатардағы жауынгер Виктор Маслов.
Құтырған әйелді Үлбі полиция бөліміне жеткізген. Кейін полицейлердің әйелді екі рет істі болғанын анықтады. Оның бірі 2015 жылы болған. Ол кезде әйел полицияға лаңкестік акт жөнінде жалған хабар беріп ұсталған. Кейін бұзақылық жасап ұсталған екен.
ҚР ҰГ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі хабарлағандай, әйел жартылай мас болған.
Зардап шегушілер жоқ.