Алматы жолаушысы жолақысын төлегісі келмей, такси жүргізушісі мен көлігіне оқ атқан
2017 жылдың қазан айында орын алған оқиға ісі жуықта сотта қаралып, үкім шығарылды
Өткен жылдың күзінде достарымен барда демалған ер адам, өзге мекемеге бармақ болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты. Жол жөнекей ол көлік тоқтатып, жүргізушімен діттеген жеріне жетуге келіседі.
Алайда кәуәп дайындайтын орынға келгенде уәде еткен 500 теңгесін бермей, травматикалық тапаншасын алып шығып, ата жөнелген. Бірнеше рет оқ атып, көлік терезін шағып, жүргізушінің бетін жаралаған. Мейманханаға келушілер бұзықты тоқтатпақ болғанда, ол қаруымен сес көрсетіп қаша жөнеледі. Жолда қаруын лақтырып кеткен. Бірақ жуық арада ұсталып тынды.
Сот ер адамды үш бап бойынша кінәлі деп тапты. Заңсыз қару сатып алып, тасығаны үшін, адам денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін, бұзықтығы үшін 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасын бекітті.