Павлодар тұрғыны аты бар, заты жоқ банкке 3,5 млн теңге ақша салған
Тез баюудың жолын естіп білген Павлодар тұрғыны қолда бар қаржысын туысының қолына ұстатып жіберген
Нұржамал Тортаева қызына пәтер алып беру үшін ұзақ уақыт бойы ақша жинаған, деп хабарлайды Bnews.kz сайты. Алайда қомақты ақшаны қолда ұстап отырмай, депозитке салып сақтағанды жөн көрген. Ойланып жүрген әйелге таныс тұрғын кездесіп, қаржыны көбейтудің оңай тәсілін айтқан.
- Банк кеңсесіне осы жылы наурыз айында бардым. Банктің атауы маған таныс емес. Олар лицензиясын көрсетіп, орналасқан ғимаратты жалға алып отырғанын айтты. Ал әйелдің сөмкесінде көп шетелдік купюралар болды. Басында оғаш көрінгенімен, кейін өз ақшамды да шетелдің валютаға алмастырып алдым. Тоғыз мың еуроны танысыма беріп, депозитке салуын өтіндім, - дейді Нұржамал Тортаева.
Алайда тұрғынға ақшаны депозитке салғаны жөнінде бірде-бір құжатты бермеген. Ал депозиттегі ақшаны қайта алуға келген Нұржамал Тортаеваға қаржыны қайтарып беретіндігін, алайда полицияға ешқандай да арыз жазбауға өтініш толтыруын талап еткен. Осы кезде ғана павлодарлық тұрғын алаяқтың арбауына түскенін сезіп, полицияға келіп арызданған.
Тергеу, тексеру амалдары бір айға созылғанымен, қылмыс деректерін таба алмаған полицейлер істі жауып тастаған.
Алайда Нұржамал Тортаева сотқа үміт артып отыр.