Шымкенттік қылмыстық топтың басшысы Ресейден ұсталды
Шымкенттік қылмыс әлемінің серкесі делінген Рафаэль Бикбаев Ресейде ұсталды. ҚР ІІМ баспасөз қызметі осындай мәлімет таратты
Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес жөніндегі бөлімше қызметкерлері 2016 жылдың қазан айынан бері бұған дейін есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін бірнеше рет сотты болған қылмыс әлемінің «авторитеті» Рафаэль Бикбаевтың басшылық еткен қылмыстық тобын белсенді түрде тексерді» деп хабарлады www.otyrar.kz сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бикбаев басқарған ұйымдасқан қылмыстық топ Оңтүстік Қазақстан облысы территориясында бопсалаумен және рейдерлікпен айналысқан делінеді. «Биыл наурызда полиция қызметкерлері Оңтүстік Кореяның жәбірленуші азаматын анықтады, ол 2014 жылы шикізат өңдеу фабрикасын салып, кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Бикбаевтың қылмыстық тобы қорқыту, бопсалау және шантаж арқылы фабриканы өз мүшелерінің бірінің атына жаздырып алған», - делінген хабарламада.
Ал маусым айының соңында Шымкент қалалық жедел топтары қылмыстық топтың 9 мүшесін бір уақытта ұстаған. Олар өз кезегінде қылмысын мойындап, Бикбаевқа қатысты Корея азаматының фабрикасын заңсыз алып қою дерегі бойынша куәлік еткен. 2 тамызда Бикбаевқа мемлекетаралық іздеу жарияланған.
Мұнымен қатар, Бикбаевтың топ болып, зорлық көрсету, бұзақылық жасау жолымен бірнеше рет бопсалау қылмысына қатысы бар анықталғаны айтылады. 16 қыркүйекте ҚР мен Ресей ІІМ қызметкерлері жедел іздестіру шараларының барысында Рафаэль Бикбаевты Мәскеу облысындағы Раменский ауданында Қырғыз Республикасының азаматы екендігін анықтайтын жалған паспортпен ұстаған. Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта Бикбаевты Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.