16 жасар оқушы полицейлерге мал ұрлаушыларды ұстауға көмектескен
Мектеп оқушысы мал ұрлағандардың көлік нөмірін жаттап алып тәртіп сақшыларына зор көмегін тигізді
2016 жылдың 4 ақпанынына қараған түні ШҚО Ұлан ауданының Ізғұтты Айтықов ауылы тұрғынының қорасынан белгісіз біреулер жеті бас қойын ұрлап кетеді. Ауыл тұрғыны қолды болған малдан келтірілген шығынын 140 000 теңгеге бағалаған.
Болған ұрлық туралы хабар түсісімен Ұлан ауданының полиция қызметкерлері бірден оқиға орнына жетіп, қылмысты әшкерелеуге бағытталған жан-жақты жедел іздестіру шараларын жүзеге асырады.
Жеті бірдей қойды көтеріп әкету мүмкін емес. Сондықтан сақшылар тұрғындардан ауылға келіп-кеткен автокөліктер туралы мәліметтерді сұрастырады. Осы анықтау жұмыстарын жүргізу кезінде 16 жасар мектеп оқушысы өз қорасында мал жайлап жүрген кезде ақ түсті автокөлікті байқап қалғанын айтады. Ұл балалардың автокөліктерге деген қызығушылығы белгілі – жасөспірім көліктің маркісін, мемлекеттік нөмірін де есіне сақтап қалыпты. Тексеріс кезінде аталмыш көліктің сұлбасы ауыл аумағында орналасқан бейнекамераның жазбасына да түсіп қалғаны белгілі болды.
Шиыршықтың бір ұшын шешкендей болған полицейлер бірден аталған автокөлікті анықтап, тауып, тексерген кезде ауылдағы ұрлыққа қатыстылар осы көліктегілер болып шықты. Күдіктілер 1993 ж.т. «Е» және 1994 ж.т. аз. «Ж» кінәсін мойындады.
Істі тергеу кезінде полиция қызметкерлері бұл екеуінің ауданның басқа ауылдарында да орын алған тұрғындардың қораларынан қой ұрлау қылмыстарының 3 фактісіне қатысты екені анықталды. Олар қолды қылған қойлардың саны 20-ға жетіп отыр.
Сөйтіп, бала Бекжанның қырағылығының арқасында, полицейлер азаматтардың малына ауыз салған күдіктілердің ізіне түсіп, қолға түсірді.
Бұл жайтты сақшылар атаусыз қалдырмады. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп Кеңес Одағының Батыры атанған Ізғұтты Айтықов ауылының мектебінде үлкен жиын өтті. Ішкі істер органдарына қылмысты ашуда қолқабыс жасап, қырағылық танытқан 8 сынып оқушысы Багиянов Бекжанды Ұлан ауданы ІІБ бастығы полиция полковнигі Ерлан Сейілханов арнайы алғыс хатымен марапаттап, ІІБ басшылығы және жеке құрамы атынан смартфон табыс етті. Сонымен қатар, полиция басшылығы немерелері Бекжанды өсіріп-тәрбиелеп отырған апа-атасына ыстық ықыласын білдірді:
«Қырағы да өжет, патриот болып өсі келе жатқан немерелеріңізге осындай тәрбие бергендеріңізге мен шын жүректен сіздерге, қариялар, үлкен рахмет айтамын. Қоғам қауіпсіздігі, кылмыстарды әшкерелеу бәрімізге ортақ іс. Бекжанның осы ісі балаларға және ауыл тұрғындарына нағыз өнеге».