Азық-түлік бағасының өсуін қалай тоқтатуға болады?
Облыстық мәслихат депутаттары мыңдаған шығысқазақстандықтар үшін ең өзекті сұрақтың жауабын табуға тырысуда
Ірі сауда желілерімен бағаны төмендету туралы арнайы келісімдер жасасу, бағаны күнделікті бақылау және сатып алушылардың калькуляторы... тиімді шаралар осылар болуы мүмкін.
Базарға немесе дүкенге бару қазір әмиянға едәуір салмақ салады - көптеген қажетті тауарлардың құны соңғы айларда айтарлықтай өскен.
Nur Otan партиясы жанындағы өңірлік даму жөніндегі облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Тұрарбек Әзекенов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылау бойынша отырыс өткізді. Іс-шараға мемлекеттік органдар мен "Ертіс" ӘКК тұрақтандыру қорының басшылары, сондай-ақ түрлі ұйымдардың мүдделі өкілдері қатысты.
Өнімнің қазіргі қымбаттауын тек экономикалық себептермен ақтауға болмайды, - деп есептейді Тұрарбек Әзекенов. - Өнімдер құнының өсуін тежеу үшін нақты және тиімді қадамдар қажет. Сауда желілері мен өндірушілер арасында әлеуметтік өнімдерге үстеме бағаны төмендету туралы келісімдер жасасу, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен тікелей, делдалдарсыз жеткізілімдерді кеңейту, қосымша субсидиялауды тарту қажет деп санаймын. Мемлекеттік органдардың өкілдері күн сайын фермерлер мен сауда желілері арасында қарым-қатынас орнатуға көмектесуі керек. Алайда бұл процесс тез емес және баға жағдайы күн сайын өзгеріп отырады. Сондықтан Өңірлік даму жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелерін осы мәселені шешуге көмектесуге шақырамын.
Іс-шараға қатысушылар алдағы уақытта аталған бастамаларды іске асыруды бастауға келісті.
Негізі бағасы өскен тауарлардың құнын халықтың өзі-ақ түсіре алады. "Сауда қызметін реттеу туралы" заң бойынша дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы сатып алу бағасынан 15%-дан аспауы тиіс. Сатып алушы сатушыдан жеткізуші ұсынатын құны көрсетілген тауар-ілеспе құжаттарды сұрай алады және калькулятордың көмегімен "арифметикалық тергеу" жүргізе алады. Егер әлеуметтік азық-түлікке 15%-дан жоғары баға қосылса, Nur Otan партиясының филиалдарына жүгіну қажет.