Риддердегі "Казцинк" қызметкері әлемдік рекорд орнатты
Әр жыл сайын Новосібір облысының Бердск қаласына әр елден спортшылар жиналып, Siberian Challenge фестиваліне қатысады
Шара аясында спорттың күштік түрлерінен Ашық әлем кубогы өтіп жатыр.
23 мамыр күні бұл жарыстарға команда құрамында Риддерден "Казцинк" қызметкері Дмитрий Драницкий аттанған. Ол Риддер металлургиялық кешеннің жөндеу маманы.
- Жастайымнан жаттығуға уақыт бөліп отырамын. Өзімді әр спорт түрінен көрдім, - деп бөлісті спортшы. - Уақыт өте келе нақты күштік спорт түрлері ұнайтынын ұқтым. Спортты тастау туралы ой болмаған. Жұмысыммен, оқуыммен күнделікті жаттығуларымды сәйкестендіріп үйрендім.
Дмитрий бір жылдың көлемінде кәсіби спорттық жарыстарға да қатысуға талпынып жүр.
Талмай жасаған жаттығу нәтижесін беріп, ол ақпан айында Siberian Challenge-7 фестивалінен 4 медаль және абсолютті біріншіліктің 2 кубогын алып келді. Одан өзге, жаңа рекорд та орнатып кеткен: бицепске 52,5 келі штанганы көтерген. Ал спортшының өз салмағы 50 келі.
- Елге оралып, жұмысқа шыққанда әріптестерім құттықтаумен қарсы алды, - дейді Дмитрий. – Цехтегілердің менің жетістіктерімен қуанғаны ғанибет.
Енді спортшы Екатеринбургте күзде өтетін "ЗОЛОТОЙ ТИГР — XIII" мультитурниріне қатысуға дайындалуда.
Жарысқа әр елден 50 спорт түрі бойынша 9 мыңнан астам спортшы жиналады деп жоспарлануда.