Бақыршық бір тонна алтын өндірді
Бақыршық кен орны өз тарихында тұңғыш рет бір тонна алтын өндірді
Жылына 10 тонна алтын өндіре алатын «Бақыршық тау-кен» кәсіпорны тамыз айында-ақ алғашқы өнімді - 2000 тоннаға жуық алтын концентратын темір жол арқылы Қытайға экспорттап үлгерген. Қазір кептірілген кен азығы арнайы биг-бэг қаптамаларға салынып, екінші партиясы дайындалып жатыр.
Осыдан екі ай бұрын «Бақыршық тау-кен кәсіпорны» төрт жыл бойы салған кен байыту фабрикасын ашқан болатын. Енді, міне, екі айдан астам уақыт ішінде кәсіпорын жылына өндірілуі тиіс алтынның бестен бір бөлігін өңдеп, Қытайға жіберіп үлгерген. Көрші елге жіберілген алтын концентраты одан әрі байытылып, таза саф құймалар жасалмақ.
- Жақын арада Ресейдің Хабаровск аймағындағы Амур гидрометаллургиялық комбинатына алтын концентратын жөнелтетін боламыз. «Қызыл» кені күрделі технологиямен игерілгендіктен, оның алғашқы партиясын шетелге жөнелтуіміз жобаның қуаттылығына жетуге деген жетістігіміздің бастамасы, темірқазығы десек болады, - дейді "Бақыршық тау-кен кәсіпорны" ЖШС бас директоры Юрий Овчинников.
Бақыршық кен орны ішіндегі алтын қоры, шамамен, 280 тонна. Ал кәсіпорынның иесі ресейлік «Полиметалл» компаниясы жыл сайын 10 мың тонна алтын өндіруді көздеп отыр. Мұндай көлемдегі алтынды өңдеп шығару үшін жыл сайын 2 млн тонна кенді байыту қажет. Ал кен орнынан қазылып алынған бір тонна кеннің құрамында, орта есеппен, 7,7 грамм алтын бар.
- Бұл алтын кен орнының игерілмей жатқанына елу жылдай уақыт болды. Енді, міне, тау-кен кәсіпорнында тағы бір тарихи оқиға орын алып отыр. Ол - кәсіпорынның тарихында тұңғыш рет бір тонна алтынның өндірілгені. Бұл - кәсіпорын басшылығының ғана емес, кеншілердің де, геологтар мен экскаватор жүргізушілерінің де, электрші мен инженерлердің де еңбегі, - дейді Жарма ауданының әкімі Нұрлан Батташұлы.
Аудан әкімі құттықтау барысында биыл «Полиметалл» кәсіпорнының әлеуметтік салаға 100 миллионнан астам қаржы бөліп отырғанын, аудандағы 14 мектептің 14 робототехника кабинетін жабдықтап бергенін әрі жармалық ақын Тұрсынхан Әбдірахманованың 95 жылдық мерейтойын өткізуге атсалысатынын атап өтті.
Алтынның алғашқы тоннасын атап өту салтанатында кәсіпорынның үздік еңбеккерлері марапатталды. Әдетте, кеншілерге марапат көрсететін кәсіпорын бұл жолы сорғы машинисі, көмекші жұмысшы, флотатор, фильтрлеуші, сорғытушы сынды жұмыскерлерді марапаттады.
Ал жұмысшылардың айтуынша, Бақыршық кенішінде жұмыс істеудің болашағы зор екендігін тілге тиек етті.
- Басқа кен орындарында жұмыс істегенге қарағанда Бақыршық кенорны әлдеқайда таза, шаңы жоқ. Байыту фабрикасының төбесінде химиялық заттарды фильтрден өткізетін қондырғысы бар. Сондықтан фабрикада да, кеніште де жұмыс істеу денсаулыққа аса зиян емес дер едім. Оның үстіне, «Полиметалл» бастаған ірі жобалардың бірде-бірі аяқасты болған емес, - дейді «Полиметалл» АҚ кен байыту жөніндегі бас маманы Ходжаев Абдужабор.