Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 125 салымшысына пәтер бермек
Өскемен қаласының 19-шы шағын ауданында, Есенберлин көшесінде екі тұрғын үй салынып бітті: оның бірі 75 пәтерлі болса, екіншісі – 50 пәтерлі
Жақын арада Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына 125 пәтерді қолданысқа беруді ойлап отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталған, тек линолеум төсеу мен сантехникалық құралдарды орнату жұмыстары ғана қалған. Бұл жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталады.
- Пәтерлерді алуға ұсыныстарды қабылдап жатырмыз. Қазірдің өзінде 200 салымшы пәтер алуға кезекте тұр, - дейді ТҮҚЖБ Шығыс Қазақстан өңірлік филиалы директорының орынбасары Айнұр Мейірбаева.
Пәтерлердің кімге берілетіндігі байқау арқылы анықталмақ. Ал пәтерлер желтоқсан айында беріледі.
- Үміткерлер ҚР азаматы не оралман мәртебесінің иесі болуы керек. Байқауға қатысқалы отырған отбасының бірде-бір мүшесінің атында үй болмауы тиіс. Төлем жасауға қабілетті екендігін де дәлелдей алуы керек, - дейді Айнұр Мейірбаева.