Үлбі металлургиялық зауыты 69 жылдығын атап өтеді
Өскемендегі бұл алғашқы кәсіпорын 1949 жылы ашылған.
Кеңес кезінде құрылған зауыт біртіндеп заманауи өнімдерді шығаруға ден қоя бастады. Бүгінгі таңда Үлбі металлургиялық зауыты Қытай нарығына арнап отын таблеткаларын дайындайды. Көрші ел бұл өнімнің сапасына жоғары баға берген.
Үлбі зауыты - бериллий мен танталдан жасалған өнімдерді сыртқы эспорттаумен айналысатын жалғыз қазақстандық кәсіпорын. Нарықта өз орнын жоғалтып алмау үшін кәсіпорын басшылығы жыл сайын жаңа өнімдерді игеруге тырысады.
- Үлбі зауыты бүгінгі таңда өзінің стратегиялық даму жоспарын құра алған, заманға сай бейімделіп, нарыққа сай сапалы, сұранысы мол өнімдерді дайындауға көп көңіл бөледі, - дейді «ҮМЗ» АҚ басқармасының төрағасы Юрий Шахворостов.
Кәсіпорын алдағы уақытта Атом электр станциясына қажетті отын дайындауға бар күшін салып жатыр. Канадалық және қытайлық компаниялармен келісімге келе отырып, алтын мен күмісті, палладий сынды табиғи металдарды қоспадан айырып алуға мүмкіндік беретін зауыт салуға келісілді.
Оның үстіне, 2017 жылдың тамыз айында кәсіпорын аймағында аз байытылған Уран банкі ашылған болатын.
Кәсіпорынның үлкен жетістіктерге қол жеткізуіне, ең алдымен, оның қызметкерлері мен жұмысшылары үлес қосты. ҮМЗ биыл да өзінің мерейтойын атап өтіп, қызметкерлерін марапаттамақ. 10 қызметкерге «Зауыт ардагері» атағы, 10 жұмысшыға Құрмет грамотасы, 200 жұмысшыға Алғыс хат табысталды. Одан бөлек, зауыт жұмысшыларының барлығына сыйақы берілді.