Өскемен
ясно
+6°
  • Өскемен
    +6°
  • Алматы
    +10°
  • Астана
    +11°
  • Ақтөбе
    +20°
  • Актау
    +21°
  • Орал
    +24°
  • Қарағанды
    +8°
  • Көкшетау
    +11°
  • Қостанай
    +13°
  • Қызылорда
    +20°
  • Павлодар
    +7°
  • Петропавловск
    +12°
  • Тараз
    +14°
  • Туркестан
    +21°
  • Шымкент
    +17°
$
443.35
-0.87
475.54
-0.84
¥
61.18
-0.13
4.82
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО
Ақпарат көзі:
Устинка

Банк қызметкері болып хабарласатын алаяқтар көбейген

Соңғы кезде банк қызметкері болып хабарласып, "Алло, сәлеметсіз бе?! Банктен хабарласып тұрмын. Сіздің шотыңыздан әлдекім банктің мобильді қосымшасы арқылы өз шотына ақша аударымын жасамақшы" деп, адамның зәре-құтын қашыратын алаяқтар көбейіп кетті

Алаяқтардың басты ісі - үрей тудыру


Қала тұрғыны Айгүл Жанбатырованың (аты-жөні өзгертілген) айтуынша, ең алғаш алаяқтар хабарласқанда әңгіме ұзаққа созылған. Алаяқ өзін  банк қызметкері деп сендірген. 
- Маған менің телефонымдағы "приложенияма взлом" жасалды, Қарағандыдан бір кісі 50000 теңге көлемінде ақшаны өз шотына аудармақшы деді. "Приложенияда осы нөмір тіркелген бе?" деді. Мен "иә" деп жауап беріп едім, "онда тезірек құпия сөзін өзгертейік" деді. Мен келіскен соң "парольді ешкім білмеуі тиіс, өзіңіз құрастырып маған айтыңыз" деді. Мен өзім телефонымнан өзгерте салам деп едім, қазір өзгертсеңіз тезірек болады деп үгіттеді. "Неге ол кісі менің паролімді білуі тиіс?" деген сұрақ туындады. "Жоқ, өзім өзгертіп аламын" деп едім, "сау болыңыз" деп телефонды қоя салды. Бірден банкке хабарласқанымда ешқандай аударым жасалмағанын, олардың алаяқ екенін түсіндірді. Кейін солай көп рет хабарласты. Оларға алаяқсың деп айтсам, ашуланып телефонды тастай салады, - дейді Айгүл Жанбатырова.
Алаяқтардың басты ісі адамның үрейін келтіріп, асықтырып өз мақсатына тез жету. Үйрейі ұшқан адам бәрін істеуге әзір ғой. Әсіресе мәселе ақшаға келгенде. 
- Олардың сөзінен шынымен де банк қызметкерлері деп ойлап қаласың. Осылай ақша тауып үйренген. Мен басында аса мән бермей, сеніп бәрі айта бастадым. Кейін қарсы сұрақ қоя бергенімде жауап бере алмай қалды. Сосын бірден алаяқ екенін ұқтым. Олар мені балағаттап, тіпті үркітіп, намысқа тиетін сөздерді айтты, - деді қала тұрғыны Іңкәр Джумагулова.
Өскемен қаласының тұрғыны Евгения Исковских та алаяқтардың тұзағына түскен жандардың бірі. Банк қызметкері болып хабарласқан алаяққа 1 млн теңгесін аударған.
- Маған бірінші рет қоңырау шалғанда "сіздің шотыңыздан әлдебіреу мобильді қосымша арқылы ақша аудармақшы" деп түсіндіре бастады, - дейді Евгения. - Жеке кабинетімдегі қаржыны сақтау үшін ақшаны басқа картаға аудару қажеттігін айтты. "Қазір телефоныңызға код келеді, соны бізге айтыңыз" дегенде менде "неге айтуым керек?" деген ой келді. "Жоқ айтпаймын" деп күмәнданғанымды сезгенде қазір қайта қоңырау шаламыз деп телефонды қоя салды. Кейін карточканың артында тұрған нөмірмен қоңырау шалғанда шынымен де банктен хабарласып тұр екен деп күмәнім сейілді. Олар маған халықаралық карта ашатындарын, ақшамды сол картаға аударуымды ұсынды. Қазір пандемияға байланысты карталарды онлайн жасайды ғой деп онша қатты мән бермедім. Олар маған тез менің атымнан карта жасап қоя берді. Картада аты-жөнім латын әріптермен жазылған, барлығы әдеттегі пластик картадағыдай көрсетілген Асығып депозиттегі ақшаларымды сол халықаралық картаға аудара бастадым. Аударған сома 1 млн-нан асқанда, қосымшада "лимит шектелді" деген жазу шықты. Осыдан кейін бірден банктен хабарласып, аударымды қайда жасап жатқанымды сұрады. Мен "Қалайша? Сіздердің басшылықтарыңызбен барлығын жасап отырмын ғой" дегенде маған банктен ешкім хабарласпағанын айтты. Сол кезде бірақ түсіндім алаяқтардың жемі болғанымды. Кейін полицияға шағым жазып, банкке бардым. Бәрібір нәтижесіз. Солай алданған бірнеше таныстарым бар. Менің ойымша, осы істе банк қызметкелерінің де қатысы бар. Өйткені адамның аты-жөнін, шотындағы сомасын, ақпараттың барлығын алаяқтар қайдан біледі?
Евгенияның айтуынша, алаяқтар тіпті құрбысының атынан несие рәсімдеп алған. Бала күтіміне байланысты үйде отырған жас келіншекті осылайша 1 млн теңгеге қарызға батырған көрінеді. 

125 алаяқтық фактісі тіркелген


Өскемен қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, интернет алаяқтық бойынша жыл басынан бері 125 факті тіркелген. Жасалған зерттеулерге сәйкес алаяқтар түрлі жарнама сайттары мен әлеуметтік желілерде хабарландырулар береді. Бүгінгі күні қаламызда OLX.kz платформасы бойынша 28 факті тіркеліп, шығын сомасы 3 млн жуық теңгені құраса, Koleso.kz және Кrisha.kz жарнама сайттары бойынша 12 жағдай тіркеліп, шығыны 2 600 000 теңге, ал Instagram әлеуметтік желісі бойынша 8 факті тіркеліп, шығын 1,5 млн теңгені құраған. 
- Қазіргі кезде банк қызметкері болып хабарласатын аялақтар бар. Әсіресе өзін "Каспий" банк қызметкері ретінде таныстыратындар көп. Естеріңізде болсын, банктен ешқашан сіздің шотыңыздан қандайда бір операция жасалып жатқаны туралы хабарламайды. Сіздерге банк қызметкері болып қоңырау шалған алаяқтарға мән бермеулеріңізді сұраймыз. Әр банктің колл-орталықтары бар. Кез келген уақытта қоңырау шалып, қандай операция болғаны жайлы сұрап біле аласыздар. Банк қызметкерлері сіздерге толыққанды жауап береді. Айта кетейін, Өскемен қаласындағы көп адам жүретін қоғамдық орындарда, Лэд экрандарда біздің тарапымыздан интернет алаяқтыққа қатысты сақтық ақпараттары таратылуда. Сіздерден сұрайтынымыз жасы 65-тен асқан егде жастағы жақындарыңызды, таныстарыңызды алаяқтардың арбауына түспеуін, қандай да бір жағдай болмасын 102 жедел арнасына хабарласуын ескертсеңіздер. Біз өз тарапымыздан кез келген тұрғынға заңды көмек бере аламыз, - дейді Өскемен қаласы Полиция басқармасының орынбасары, полиция подполковнигі Ғалымбек Турысбеков. 

Қазақстандық банктер үндеу жасады


Kaspi.kz, "Сбербанк", Halyk Bank, Нұрбанк, ВТБ Банкі (Қазақстан), ForteBank, Jýsan Bank, AltynBank, Хоум Кредит Банкі, Еуразия банкі және "Альфа-Банк Қазақстан" алаяқтардың шабуылы жиілеп кетуіне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады.

БАҚ-та жарияланған хатта алаяқтықтың бірнеше әдісі келтірілген.
- Алаяқтар хабарласып, өзін банк қызметкері деп таныс-тырады. Олар күдікті операция орындалып жатқанын айтып, клиент шотынан ақша аудару үшін деректерді сұрайды. Мысалы, жеке кабинетте құпиясөзді ауыстыруды, жаңа құпиясөз бен SMS-хабарлама арқылы келген құпия кодты айтуды сұрайды, - дейді мамандар. 
Банк өкілдерінің дерегінше, кей жағдайда арнайы компьютерлік бағдарлама көмегімен алаяқтар банк нөмірінен немесе банк нөміріне ұқсайтын нөмірден хабарласады. Пошта немесе мессенджер арқылы қайырымдылық акциялары, бірегей қаржылық қызметтер, ұтыс ойындары туралы ақпарат жібереді. 
- Ол жерде жеке мәліметтерді енгізу қажет сілтемелер бар. Адам карта деректерін енгізген кезде алаяқтар ақша шешіп алады. Сондай-ақ, сілтемеде сіздің қосымшаңызға кіруге мүмкіндік беретін вирус болуы мүмкін. Хабарласып, жеке кабинетіңізге біреудің кіруге тырысып жатқанын және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымшаны жүктеуді ұсынады. Ал шын мәнінде ол алаяқтарға телефон ішіне кіруге мүмкіндік береді. Содан кейін олар клиент атынан қоңырау шалып, қаржылық операция-лар орындайды. Алаяқтар адамды қорқытып, ақшаны тез арада беруге мәжбүрлейді. Ойлануға, жағдайды түсінуге мүмкіндік бермейді. Өзіңізді қорқытуға жол бермеңіз, абай болыңыз! - деп ескертеді банк қызметкерлері.
Осы орайда айта кетейік, егер шотыңыздан ақша ұрланған болса, оны сізге қызмет көрсететін банк қайтарып бере алмайды. Мәселен, алаяқтардың құрбаны болған тағы бір қала тұрғыны банкке шағым жазған. Банк басшылығы ресми хат жолдапты. Хатта азаматшаның банк картасынан  шынымен де 1 020 000,06 теңге көлемінде ақша халықаралық банк карта есепшотына (есепшот реквизиттері туралы ақпарат сақталған) аударылғаны және ол аударымды кері қайтару мүмкін емес екені айтылған. Бірақ банк өз атынан аударым жасалған банк-эмитент басшылығын өз клиентінен жазбаша келісім қағазын алуға көмек көрсетуге сұраухат жолдаған. Егер банк-эмитент ақша қабылдаушыдан жазбаша келісім алса ғана ақшаны қайтару мүмкін болмақ.

Бірақ әрине алаяқтың келісім бермесі анық. Өйткені картаға аударылған қаржыны ол әлдеқашан шешіп алғаны хақ. Бұндай жағдайда заңға жүгінуден басқа амал жоқ. Бірақ жұмысын сауатты жүргетін әккі алаяқтың ізіне түсу оңай емес, қолды болған қаржының қайтарылуы екіталай. Сондықтан сақ болған абзал.

Алаяқ қоңырау шалса не істеу керек?


Алаяқпен сөйлеспеңіз. Телефон қоңырауын өшіре салыңыз. Шоттағы ақшаны тексеріңіз. Егер сұрақтарыңыз болса, банктің байланыс орталығына қоңырау шалыңыз. Мобильді қосымшадағы немесе интернет-банкингтегі жеке кабинетіңіздің құпия сөзін, картаның деректемелері: нөмірі, қолданылу мерзімі, CVV/CVC-коды (картаның артқы жағындағы үш таңбалы код) ешкімге айтпаңыз. Бұл ақпаратты адам банк қызметкері болып көрінсе де, банк нөміріне ұқсас нөмірден қоңырау шалса да айтуға болмайды. Банктің қызметкерлері бұл туралы ешқашан сұрамайды. Мұны тек алаяқтар жасайды. Олар ұсынған мобильді қосымшаны орнатпаңыз. Хабарлама белгілі банктің немесе компанияның атынан келген болса да, сілтемелерге өтпеңіз. Сілтемені басу арқылы сіз алаяқтарға банк шоттарынан ақшаңызды ұрлауға көмектесетін зиянды компьютерлік вирусты іске қосуыңыз мүмкін. 

Сауалнамалар. Егер сіз сілтеме бойынша өткен болсаңыз, сауалнамаларды ешқашан толтырмаңыз, сауалнамаларға қатыспаңыз, өзіңіз туралы ақпаратты қалдырмаңыз. Нақты акциялар мен ұтыс ойындары туралы білу үшін ақпаратты банктердің ресми сайттарынан немесе әлеуметтік желілердегі беттерден оқыңыз. Сақ жүрсең, нақ жүресің! Сақ
болыңыздар!
Следующая →