Өскемендегі қоғамдық орындарда неге қазақ күйлері мен халық әндері ойнап тұрмайды?

Зайсан қаласында көшеде ала таңнан кешке дейін қазақтың халық әндері мен дәстүрлі әндері ойнап тұрады
23 қараша 2020 года, 13:09 610 Аян Қалымбек
Новости Казахстана и регионов на сегодня. - Өскемендегі қоғамдық орындарда неге қазақ күйлері мен халық әндері ойнап тұрмайды?
Фото: © редакция мұрағатынан
"Ерте, ерте, ертеде, ешкі күні жүні бөртеде" пайда болған күй, әуен, саз дүниесінің құпиясы күні бүгінге дейін ашылмаған жұмбақ. Музыка әлемі - сиқырлы, тылсым күшке толы. Оның құдіреті жеке адам мен қоғамды ғана емес, тұтастай бір ұлттың санасын өзгертуге жетеді.

Шыр айналған дөңгелек дүниенің жүзінде, музыка - пәлен дәуірде, түген ғасырда пайда болды деп кесіп-пішу қиын, тіпті мүмкін емес. Домалақ әлемде сан алуан ұлт, әр ұлттың алуан түрлі мәдениеті мен өзіндік ұлттық өнері бар екені тәптіштеп айтпаса да түсінікті. Біздің Қазақстанда ше? Әлбетте, ата-бабамыздан өлмейтін мұра, жоғалмайтын жәдігер болып сақталып, сонау түркілердің заманынан жеткен мәдениетіміз оған дәлел. Қорқыттың қобызынан шыққан ащы зар, Тәттімбеттің домбырасынан төгілген тәтті күй, Ақан сері мен Біржан сал әуелеткен әсем ән - қазақтың ұлттық өнерінің шырқау шегіне жеткенінің айғағы.

Ұлы даланың түкпір-түкпірін кезіп жүріп Александр Затаевич жазып алған "Қазақтың 1000 әні мен 500 күйі" жаһандануға қол созған мына ғасырда қаншалықты дәріптеліп, насихатталып жатыр? Алысқа ұзамай-ақ өзіміздің Өскеменді мысалға алайық. Қаладағы қайсыбір сауда орталығына, тамақтану орнына кіре қалсақ та, саябақ пен қоғамдық орындарға бара қалсақ та, еститініміз шетелдің іңірдегі ібілістің даусындай ыңырсып шыққан бірдеңесі, одан қала берді құлақтың жарғағын жара айқайлайтын жарнаманың дауысы. Құйқылжыта салған дәстүрлі әндер, халық әндері, күмбірлеп төгілген күйлер неге ойналмайды?

"Қазақтың 1000 әні мен 500 күйін" әлем мойындаған



Француздың атағы жарты әлемге мәшһүр Роллан Ромен деген жазушысы: "Қазақтың отаншылдық жігеріне толы халық музыкасының ешкімге, ештеңеге ұқсамайтын ерекше тартымдылығы сондай, қазақ әнін тыңдағанда күллі дала көз алдыңнан өткендей болады",- деп пікір білдірген екен. Ромен мен Затаевич 1935 жылдың жазында Максим Горкийдің саяжайында кездеседі. Затаевич екі тұлғаға қазақтың бірнеше әнін пианинода ойнап бергенде, орыстың атақты ақыны, жазушы-драматургі Максим Горький "Қазақтың 1000 әні" мен "Қазақтың 500 ән-күйі" кітабына италияндық өнерпаздардың таңдай тағып, бас шайқап, сүйсінгенін айтады. Операның отаны саналатын Италияның өзі өте жоғары бағалаған ұлттық өнерімізді біз неге қазір босағаға сүйреп тастадық? Дүниежүзінің даңқты тұлғалары мойындаған ән мен күй Қазақстанның барлық қаласының қоғамдық орындарында, барлық мекемелерінде, демалыс орындарында, саябақ, орталық алаңдарда шырқалып, салтанат құрып тұруы керек емес пе?

Былты Өскемендегі Спорт сарайының алдында ашылған аспалы жол - бүгінде қала тұрғындарының күн сайын өтетін қоғамдық орнына айналды. Сол жол үсті көпірінде ала таңнан қас қарайғанша орысша, ағылшынша әндер сарнап тұрады. Онсыз да күйкі тірліктен қажып, тұрмыстың қамын күйттеп жүрген адамды түнгі клубтарда қойылатын түсініксіз тілдегі әндер мен жарнаманың қатқыл дауыс-тары одан сайын шаршатары анық. Француз-швейцар ойшылы, жазушы Жан-Жак Руссо саз өнеріне қатысты "Мелодия тек қана еліктірмейді, ол сөйлейді... Оның тілі өткір, от-жалынға толы, қарапайым сөзге қарағанда, әлдеқайда күштірек деуге болады" деп анықтама берген.


Зайсандағы жайсаң әуендер


Дегенмен, ұлттық құндылықтарға баса мән беріп, айбынын асқақтататын жандар да жоқ емес. Осыдан бір айын бұрын тілшіміз Зайсан қаласына сапарлап барып қайтқан. Қонақ үйден бір көше жоғары орналасқан әкімшілік ғимараттан немесе орталық алаңнан таңғы сағат 8.00-ден бастап құлаққа жағымды әуез естілген. Тілшіміз әдейілеп іздеп барып көрсе, бірінен кейін бірі ойнап жатқан қазақтың халық әндері мен дәстүрлі әндері. Тапжылмай тура 1 сағат тыңдап тұрған соң қазақ радиосы қосылып, таңғы жаңалықтардың легі кеткен. Түстен кейін қызығушылығы артып тағы да әкімшілік ғимарат пен сахна орналасқан орталық алаңға барғанда, бойды шымырлатып, жүректі тербейтін майда қоңыр дәстүрлі әндер мен желдірме ырғақты, желпінтіп, сергітетін халық әндері ойнап тұрған. Сұрастыра келе, жолдағы бағаналарға ілінген дауыс зорайтқыштарындағы ұлттық әуенді әкімдік қызметкерлері қосатын болып шықты.

"Музыка жұмыс салдарынан пайда болған шаршауды ұмыттырып, өзіне баурап әкететін қасиетке ие. Ол - бізге осы жұмыстың зардабына шыдауға, төзуге көмек береді. Бұл ғылым (музыка) өзінің байсалдығынан айырылған адамдарды түзетуге, қызба адамды қалпына түсіруге, байсалды адамды ылғи да бір қалыпта ұстауға құдіреті әбден жетеді",- дейді әлем ойшылы әл-Фараби. 

Ал Өскеменнің қоғамдық орындарындағы әуен-сазға елітіп, демалу былай тұрсын, екі құлағыңды жауып алып қашқың келеді. "Неге" деген сұраққа жауап алу үшін жауапты мекемелерге қоңырау шалдық.
- Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі ойналатын әндерді таңдау, іріктеу сияқты жұмыстармен айналыспайды. Мысалы бізге "Арбатқа музыка орнату керек" деген тапсырма берілсе, мамандар сол жерге қуат көзін тартып, мәдениет бөлімі флешкаға жазып ұсынған саз-әуендерді колонкаларға қосып береді, - дейді қалалық ТҮКШ бөлімінің инженер маманы Мұнтаз Қажыбекова.

Мәдениет бөлімі әуенді қалай таңдайды?

- Олар тек бір жерге емес, көптеген орындарға музыка орнатады, ал біз қазақша да, шетелше де әндерді ұсынамыз. Ұлттық өнерімізді насихаттау мақсатында әндерді қоятын мекемеге хабарласып ауыстыртқызамыз. Енді қазақтың күйлері мен халық әндерін береміз,- деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Күміс Маратқызы.
Солай дегенмен де, "Даниель" СҮ алдындағы жол үсті көпірінде ойналатын әуендерге қалалық ТҮКШ бөлімінің де, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің де қатысы жоқ болып шықты. Қалада 15 жерде орналасқан жарнама радиолары Big Sale компаниясына тиесілі екен.

- Аспалы көпірден басқа сауда орталықтары мен автобус аялдамаларында орналасқан біздің жарнама радиоларында 50/50 заңдылығы сақталған. Яғни, шетелше-орысша да, қазақша да әндерді береміз. Әндер тізімі 2-3 аптада бір рет жаңаланып отырады. Сонымен қатар, алда келе жатқан атаулы күндер мен мереке-мейрамдарға орай, сол тақырыптардағы шығармаларды қосамыз. Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік күніне қарсы патриоттық-рухты әндер ойналатын болады. Тұрғындар тарапынан өтініш-тілектер болса, оларды да ескеріп қабылдаймыз, сұрағандарын қойып береміз, - дейді компания басшысы Евгений Блинов.
Бұйырса, енді қаланың қақ ортасындағы жұрт көп өтетін аспалы жолда Естай мен Қапездің, Иманжүсіп пен Жаяу Мұсаның әндері шырқалып, Дәулеткерей мен Құрманғазының, Дина мен Нұрғисаның күйлері ойнап тұратын күн алыс емес секілді. Не болса да, дәл осы тұрғыда Өскемен Зайсаннан үлгі алу керек сияқты.
Қытайдың музыка зерттеушісі Сыма Цянь: "Дүниеге келген адам баласы өміршең рухты еншілей туады. Ал қайғы мен шаттық, ашу мен қуаныш болса, туа бітетін қасиеттер емес, мұның бәрі сыртқы әсерге деген адам сезімінің өзгеруі ғана. Содан да болар, баяу да бойлауық, зарлы да сарнауық әуен ойнаған ортада халықтың санамен сарғайып, мұңға батады. Егер ерке де еркін, жайдары да жеңіл, иірім-қайырымы алабұрта елпілдеген әуен шырқалса, онда халық шат-шадыман ғұмыр кешеді. Егер қатқыл да қаһарлы, бас-тауы жігерлі, қоштауы асқақ, қайырмасы кең орамды әндер орындалса, онда халықтың өзіне сенімді де табанды болғаны, ал қоңыржай да ашық, орнықты да қалыпты, байсалды да шыншыл әуен тербелсе, онда халықтың сыпайы да ізетшіл болғаны. Ал егер жабайылардың әндері сияқты шегіне жете бүлініп-бұрмаланған, жанығып-жан ұшырған, ырду-дырду әуен-саз белең алса, онда халықтың бұзылғандық пен бейбастақтыққа белшесінен батқаны", - дейді. Ата-бабамыздан мирас болған бұрынғы ән-күйлерімізді санамағанда, әке-шешелеріміз тыңдап өскен есіл Шәмшінің әндері қандай еді. Сол кездің "хиты" болған өміршең әндердің дәурені өткенмен, ғұмыры әлі үзілген жоқ.

Тұрғындар тілегі ескеріледі


Музыканың идеология құралы екенін ескерсек, онымен бір буын ұрпақты ғана емес, бүтін бір халықты тәрбиелеуге болады. 2-ші дүниежүзілік соғыста неміс басқыншысы Гитлер "Бір ұлтты мәңгүрт қылып, ештеңе ойлатпай, түп тамырынан айыру үшін оған таңнан кешке дейін даңғаза, жын-ойнақ әндерді тыңдата беру керек" деген ой қалдырған. Қалай ойлайсыздар, бүгінгі таңда сол жоспар жүзеге асып жатқан жоқ па?
- Мен ылғи жаяу жүремін. Бір аптада 5 рет, бір күнде  2 рет аспалы жолдан өтемін. Еститінім кілең шетел әндері. Неге өзіміздің ескі де есті әндерді, тіпті күйлерді қосып қоймайды. Алматыдағы жерасты өткелдерінің түгелінде қазақтың күйі күмбірлеп тұрады. Ал біздің кішкентай қалада ұлттық өнерді танытуға не кедергі? - дейді қала тұрғыны Ернұр Кәкімов.
Қарбалас тірлікпен шапқылап жүріп, музыка ойнайтын жерлерден арлы-берлі өткенде қазақтың ән-күйлерін естіп, әл-Фараби айтқан рахатты сезінетін күн де көп ұзамай туар.

Загрузка...

Тақырып бойынша жаңалықтар

Устинка Live хабарландыруларын алып тұрыңыз