Өскемен
малооблачно
+10°
  • Өскемен
    +10°
  • Алматы
    +13°
  • Астана
    +13°
  • Ақтөбе
    +14°
  • Актау
    +16°
  • Орал
    +17°
  • Қарағанды
    +13°
  • Көкшетау
    +13°
  • Қостанай
    +11°
  • Қызылорда
    +22°
  • Павлодар
    +8°
  • Петропавловск
    +12°
  • Тараз
    +15°
  • Туркестан
    +15°
  • Шымкент
    +16°
$
448.81
+0.25
476.82
-1.21
¥
62
+0.03
4.77
-0.02
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Назерке Кәрімова
Ақпарат көзі:
Устинка

Шілікті обаларын қоршап жатыр

Еленбеген іске еріктілер білек сыбана кіріскен

Шілікті жазығында үлкенді-кішілі 200-ге тарта оба бар, оның 30-дан астамы қазылған.

2003 жылы Қазақстандағы үшінші "Алтын адам" шығыс өңіріндегі Зайсан ауданы, Шілікті ауылынан табылған болатын. Бәйгетөбенің байғазысы - бір топ археолог бұл қасиетті қорымнан барлығы 4303 алтын бұйым тапқан. Ал басты сенсациясы - 5-6-шы ғасырда өмір сүрген Сақ патшасының алтынмен қапталған мүрдесі. Тарихи жәдігерлер музейге жеткізілетіні анық. Ал сақ жауынгерінің мүрдесін Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері Алматыға алып кеткен. Тарихи орын қалай болса солай қаңырап қала берген. Осыдан кейін ауылда адам өлімі артып, мал қырылып, табиғи апат жиілеген. Бұны жергілікті тұрғындар аруақты мазалағаннан деп топшылап, сақ сүйегін орнына әкеп жерлеу туралы мәселе көтерген.

Бірақ оба он жыл бойы жабылмай, қаңырап бос жатқан еді. Тек 2013 жылы Тасбас-тау ауылының тумасы, қоғам белсендісі, кәсіпкер Айдын Егеубаев министрлік есігін тоздырып жүріп, Алтын адамның сүйегін жұртына қайтарып, қабіріне жерлеген болатын. Ал қалған обалар әлі ашық, қорыс-қопасы шығып, көмусіз жатыр. Шілікті жазығында үлкенді-кішілі 200-ге тарта оба бар, оның 30-дан астамы қазылған. Ең сұмдығы - Алтын адам табылған қорғанның мүрдесі қайта жерленсе де, әлі күнге дейін қоршаусыз, құлазып бос жатқан болатын. 
- Бұл обаның үстіне мал да, адам да шығып жүр. Тіпті, жастар көлікпен ары-бері зырғытып жүр. Обаның қабырғалары жаңбыр жауған сайын опырылып, қирай береді, - дейді ауыл тұрғындарының бірі Аслан. 
Негізі қазақ халқы адам сүйегі жатқан жерді баспақ тұрмақ, он айланып алыс жүреді. Өйткені ол қасиетті, таптаса, киесі ұрады деп сенген. Сүйекті қорлау, обаны бұзу елді басып алумен, оның халқын қырумен тең болған. Көшпенділер оба салу арқылы жердің территориясын белгілеп отырған. 
- Бұл қорғаннан Алтын адам табылды дегенге кім сенеді? Не үйінді, не оба екендігі белгісіз. Оны мал да, жан да таптайды. Кейбір бұзықтар обаның үстіне көлікпен көтеріліп кетеді. Көліктің іздері жатыр. Өскемен, Семей қаласынан Алтын адам табылған обаны тамашалаймыз деп балалар экспедициясы талай келді. Балалар да, қонақтар да - бәрі аң-таң болады. Өйткені оба қоршалмақ тұрмақ, жанында бірде-бір белгі де жоқ. Мәдени жәдігерді осылай қорлауға бола ма?! - дейді Шілікті ауылының тұрғыны Айбол Лекеров.
Ауыл тұрғындары киелі жерге көңіл бөлінсе деген ниетпен аудан әкімдігіне де, басқармаларға да арыз беріп, шағымдана бастаған. Алайда басшылықтағылар құр уәдемен шығарып сала берген. 

2003 жылы Шіліктіні туристік өңірге айналдырамыз деп уәде берген бұрынғы мәдениет министрі, қазақ тарихын жетік білетін Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі бұл істен өнімді нәтиже шығара алмаған еді. Содан бері он жеті жылдан астам уақыт өтті. Тарихи орындар әлі сол қалпы тұр. Ал Шілікті қорғандары 2014 жылы ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Демек, бұл мемлекет қорғауына алынған нысан саналады. 

Аспан асты музейі қайда?


2016 жылы профессор Әбдеш Тәшкенұлы Тасбас-тау мен Шілікті ауылдары арасындағы ені 88 метр, биіктігі 8 метрден асатын №16 обада тағы да қазба жұмыстарын жүргізіп, екі патша сүйегін тапқан. Бұл алып қорғанды да археологтар музификацияға айналдырамыз, әлі зерттеу жүргіземіз деген желеумен көмусіз қалдырып кеткен. Ал ауыл халқы округ әкіміне жалынып жүріп, мал баспау үшін обаның үстіне қоршау қойғызған. 
- Оның үстіне, қоршау обаның тек үстіңгі жағына ғана тартылды, - дейді Айбол Лекеров.
Сол жылы ауылға келген облыс әкімі Даниал Ахметов мұнда саркофаг салып, аспан астындағы қорық-мұражайға айналдыруға уәде берген еді. Алдымен Берел қорғанына саркофаг орналастырылды. Ендігі кезек Шіліктіге түсіп тұр. Алайда ауыл халқы бұл саркофагтың салынуына күмәнмен қараса да, археолог Әбдеш Тәшкенұлы тас табыт қойылады деп нық айтқан болатын.
- Оба маңында 10 гектар жер беріліп, мұнда мұражай ғимараты, ғылыми зертхана, саркофаг салынады. Бұған қаржы бөлінген. Жұмыс келесі жылы басталуы тиіс, - деген еді 2017 жылы Әбдеш Төлеубаев.
Шілікті ауылының әкімі оба маңында археолог айтып отырған 10 гектар жердің қазіргі уақытта бөлініп қойғандығын да айтқан болатын. Сол кезде облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық құрылыс басқармасы саркофагтың 2018 жылы салынатындығын растаған. Алайда 2020 жыл болды, ешқандай музей салынбады.
- Мұражай №16 обада салынады. Өйткені қорған жолдың үстінде, Шілікті мен Тасбас-тау ауылдарының ортасында орналасқан, инфрақұрылым салуға ыңғайлы. Ал Алтын адам табылған Бәйгетөбе обасы Жалши ауылына таман, Шіліктіден екі шақырым алыста, жолдан қиыс жатыр. Сол себепті мұнда мұражай салына қоймайтын сынды. Дегенмен Бәйгетөбе жетім қалмайды. Ол міндетті түрде қоршалып, арнайы тақтатас орнатылады, - деген болатын тарихшы.
 

Қоршау қойыла бастады


Расымен де өңеші қазылып, бауыры суып қалған қорғанды қоршау қаншама жылдан кейін қолға алынды. Бір сөзбен айтқанда киелі Бәйгетөбенің басы біраз жылдан бері қарауылтөбеге айналып, бақылаусыз қалғанын естіген BIRGEMIZ: ASYL MURA жалпыұлттық жобасы аясында біріккен ерікті жас-тар қорғанның айналасына қоршау қоюға кіріскен. BIRGEMIZ: ASYL MURA мақсаты - тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау бойынша волонтерлерді тарту. 
 - Шілікті - бір ғана Шығыстың емес, бар қазақтың мақтанышы. Сақтау парызымыз. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс - деген Елбасы сөзін назарда ұстаймыз, - дейді еріктілер.
Айта кетейік, ASYL MURA-ның бұл алғашқы жұмысы емес. Бұған дейін Дайыр ауылындағы Дайыр Төренің обасын қалпына келтіру жұмыстары сәтті жүргізілді. Ауылдық округтің әкімі бастаған белсенді жастар обаның қақпасын сырлап, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, Дайыр Төренің аруағына шексіз құрметтерін көрсетті. 

Жол келесі жылы салынады


Шіліктіліктер ауылда аспан асты музейі пайда болса, жағдайымыз да түзелер деп үміттенген. Өйткені Шілікті өңірі мүлдем өркениеттен тыс қалған еді. Ұялы байланысы нашар, ғаламторы жоқ, аудан орталығына қатынайтын 60 км жолы мүлдем жаман. Сондықтан болар қазір ауыл-дан үдере көшкендер көп. Ал қойнауы тарихқа толы бұл өлкеге лайықты көңіл бөліне бастаса, ауылдан адам көшпес еді. Ауыз суы да жоқ еді. 2018 жылдан бастап ауыз су тартыла бастады. Биыл салынады деген жол келесі жылға қалыпты. Биыл көктемде ауданға келген сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметов Зайсан мен Шілікті ауылының арасындағы жол жөнделетінін айтқан.
- Зайсан қаласы мен Шілікті ауылының арасындағы жолды жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады. Себебі жолдың бұрынғы жобалық-сметалық құжаттамасы ескірген, оны қайтадан жасау қажет. Әрі күз келіп қойғандықтан, биыл бастау мүмкін емес. Келер жылы аталған учаскедегі орташа жөндеу жұмыстарын екі бөлікке бөліп, алдымен Шілікті ауылы жағынан бас-таймыз. Одан соң екінші бөлігіне қаржы бөлініп, қазіргі тас қиыршықты жолдан тас жолға айналатын болады, - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов.
Следующая →