Депутат Дәулет Мұқаев: "Шапанымыздан айырылып, қамшымызды ғана ұстап қалмайық"
Мәжіліс депутаты ұлттық киімді жоғары дәрежеде ұлықтап, насихататуды ұсынды
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Дәулет Мұқаев Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға ұлттық киім кию мәселесіне қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ұлттық киім ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрініс. Ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатын халықпыз. Басқа киімдерді айтпағанда, бір ғана бас киіміміздің 20-дан астам түрі бар. Бүгінде ұлттық киімімізді өзіміз ғана емес, өзге елдер де кеңінен ұлықтауда. Әлеуметтік желіде Қытайда қазақ жігітінің ұлттық киіммен көшеде жүріп, елдің назарына түскен видеосы 5 млн-ға жуық қаралым жинап, елдің ыстық ықыласына бөленген, - деді Дәулет Мұқаев.
Елде "Ұлттық сезім" акциясы бастау алып, челлендж ел арасында кеңінен қолдау тауып келеді. ұлттық киімді насихаттау тек бір реттік челлендждермен, акциялармен ғана ұлықталуда. Зиялы қауым өкілдері, журналистер мен блогерлер, оқу ордалары қолдап, аптаның әр жұмасында ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүргендер қатары көбейді.
Ұлттық киім халық санасына әсер етуші күш екенін ескерсек, бұл мәселеге үстіртін қарауға боламйды. "Ұлттық киімдерді тек Наурызда ғана емес, жай күндері де киіп жүруіміз керек" деп Президентіміз де үндеу тастаған еді. Алдағы уақытта осыны трендке айналдыру керек, - деген депутат көршілес қырғыз елін мысалға келтірді.
Мәселен, қырғыз бауырларымыз бастарынан айыр қалпақтарын тастамайды.
Соған қарап-ақ қырғыз екенін жазбай танимыз. Тіпті жоғары кеңестің өзінде депутаттары айыр қалпақтарын киіп отырады, - дейді Дәулет Мұқаев. - Ол қала берді, ұлттық киімдерін сақтау мақсатында 5 наурызды – Айыр қалпақ күні деп мемлекеттік деңгейде бекітіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізген. Бұндай күн тек Қырғызстанда емес, әлемнің алпауыт Бразилия, Испания, Шотландия, Жапония сынды елдерде де бар. Көршілер өзбек халқы да ала шапаны мен тақиясын күнделікті киеді. Сол сияқты шешен халқы да елтірі бөрігімен ерекшеленеді. Біз ұлттық киімімізді өзіміз біртіндеп сәнге айналдырмасақ, басқалар иемденіп кетеді. Сонда шапанымыздан айырылып, қамшымызды ғана ұстап қалмайық.
Депутат осы мақсатта Үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынды:
1. Республикалық деңгейде Ұлттық киім күнін бекіту
2. Мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киіміне қазақи айдентика элементтерін қосу
3. Ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік гранттарда ұлттық оларға басымдық беру. Халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етіп, сұранысты арттыру
4. Мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын бекіту әрі түрлі халықаралық жарыстарға баратындардың формасына міндетті түрде ұлттық нақышты бекіту