Қазақстанға мыңнан астам этникалық қазақ оралды
Оралған қандастардың жартысы Қытайдан келді
2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 1 306 этникалық қазақ "қандас" мәртебесін алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 129,6 мың этникалық қазақ оралған.
Жыл басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысы (48,9%) Қытайдан, 29,6% – Өзбекстаннан, 8,3% – Моңғолиядан, 4,4% – Ресейден, 7,3 Түрікменстаннан және 1,5% басқа елдерден.Осы жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 56,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,6%-ды және зейнеткерлер 10,2%-ды құрайды, - деп хабарлады министрлік.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Бұл өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 35 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетіліп, тұрақты жұмысқа орналастырылды.