Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздіктің 25 жылдығы" монументі жанындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысты
Ел президенті барша қазақстандықтарды бүгінгі маңызды мереке әз-Наурызбен құттықтады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
- Наурыз – жыл басы, халқымыз ежелден тойлаған көктем мерекесі. Бұл – халық асыға күтетін аса ерекше мейрам, қыстың ызғары қайтатын, көктем шуағын төгетін сәт. Табиғат түлеп, тіршілік қайта жаңаратын мезгіл.
Еліміз әз-Наурызды әрдайым ырысты ынтымақтың бастауына балаған. Алыстаған ағайын Ұлыс күні татуласып, қайта қауышқан. Жұрт бір-біріне ақжарма тілектерін айтқан. Көпшілік ортақ дастарханнан дәм татып, қариялар жастарға батасын берген.
Бабаларымыз Наурыз тойын жасампаз еңбектің мейрамы санаған. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Елге пайдасы тиетін игі істер атқарған. Бір сөзбен айтсақ, Ұлыстың ұлы күні – жаңа өмірдің жаршысы, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы бұл бүкіл елге ортақ ұлық мереке екенін атап өтті.
Бұл мейрамды халқымыз тұтас ел болып, бір ұлт болып түгел тойлайды. Наурыз кезінде бүкіл елге ортақ құндылықтар дәріптеледі. Яғни, Әз-Наурыз – нағыз халықтық мейрам.
Бауырмалдық, жанашырлық, сыйластық, отаншылдық сияқты қасиеттің бәрі осы Ұлық мерекеде көрініс тапқан. Біз – ата жолын жалғаған жұртпыз, - деді мемлекет басшысы.