Аягөздік танкистер штаттық снарядтан оқ атты
Аягөздік танкистер «Майлин» оқу-жаттығу полигонында Т-72 ұрыс машинасынан штаттық снарядтан оқ атты
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, экипаждар бірінші бақылау атыстарының жаттығуын орындап, 1600-1800 метр қашықтықта орналасқан шартты нысанаға оқ атуды жүргізді. Жаттығу барысында әскери қызметшілердің теориялық білімі мен практикалық дағдылары тексерілді. Танк бөлімшелері оқ-дәрі жиынтығын танкке салу мен қару-жарағын жауынгерлік жағдайға келтіру бойынша практикалық нормативтерді орындады. Сондай-ақ, танк экипаждарының іс-қимыл үйлесімділігіне және кәсіби дағдыларына ерекше назар аударылды.
Жоспарлы ату сабағының мақсаты әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығын дамыту, олардың штаттық қару-жарақтан ату шеберліктерін жетілдіру және танк командирлерінің басқаруды дұрыс ұйымдастыруы болды.
Жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес, жеке құрамға штаттық атыс жаттығуы жүргізілді. Атыс дайындығы бойынша сабақтар танк бөлімшесіне ұрыс жүргізудің барлық негізгі мәселелерін қамтитындай етіп жоспарланған. Осындай практикалық жаттығулар танкистердің біліктілігін арттыратынына сенімдімін, – деді танкистер ротасының командирі капитан Асқар Өтепов.
Атыс қорытындысы бойынша экипаждар тиісті нормативтерді сапалы және тез орындай алды. Штаттық жаттығулар жеке құрамға танктің жойқын күшін сезінуге, жауынгерлік машиналарды іс-қимылда еркін басқаруға және өзінің жауынгерлік даярлығын жақсартуға бағытталған.