Оқушылар дәстүрлі оқу форматына көшеді
COVID-19 індетін таратпау жөніндегі басқармааралық комиссия мектептерді толыққанды дәстүрлі оқу форматына ауыстыру туралы шешім қабылдады
ҚР Білім және ғылым министрлігі 14 ақпаннан бастап мектептер дәстүрлі оқыту форматына көшетінін хабарлады.
Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі комиссия отырысында мектептерді толыққанды оффлайн оқыту форматына көшіру мәселесі қаралды. Нәтижесінде 2022 жылдың 14 ақпанынан бастап барлық сынып оқушылары дәстүрлі білім беру форматына көшеді, делінген министрлік сейсенбі күні таратқан хабарламада.
Хабарланғандай, оқушыларға арналған үшінші оқу тоқсаны дәстүрлі форматта 10 қаңтарда басталуы керек еді, бірақ кейін демалыс бір аптаға ұзартылды. Бірақ қаңтар айындағы дүрбелең мен төтенше жағдайларға байланысты оқу тоқсаны 17 қаңтарда онлайн түрде басталды.