«Өскемен әкімі Жақсылық Омарды қолдайық
Бұл ұран ғаламторда өзін «қоғам белсенді» ретінде танытқан, ал өмірде қарапайым ғана азаматтың «қала әкімін отставкаға жіберу» туралы өтінішіне жауап қатып қарсы шыққан тұрғындардың сөзі
Ақпанның 4-і күні облыс орталығында әр түрлі қоғамдық кеңес ұйымдарының өкілдері, белгілі кәсіпкерлер, ардагерлер мен елге жанашыр азаматтар, мәслихат депутаттары өздерінің сөзімен айтқанда «жала жабуға» келіспейтіндіктерін білдіріп, алғашқы петицияны құрастырушымен кездесіп, не үшін бұндай қадамға барғанын, неліктен жалпы халықтың атынан үндеу жариялағанын сұрады.
Жиналғандар ұстамды және байсалды түрде «белсендіге» өз ұстанымдарын жеткізуге тырысып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады:
«Құрметті Өскемен қаласының тұрғындары! Біз, Өскемен жұртшылығының өкілдері, қазіргі қала әкімі Жақсылық Мұқашұлы Омардың жұмысына сындарлы баға беріп, қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз. Соңғы кездері әкімімізді отставкаға жіберу туралы үндеулерді жиі естіп жүрміз. Бірақ бір-бірімізге шынайы ашық болайықшы.
Бұндай бастамаларды үнемі сол бір адамдар ғана көтереді. Ал біз олардың әрқайсысын танимыз, білеміз. Олар біздің қалада өмір сүрудің мүмкін емес екенін, барлығы жаман екенін үнемі айтып отырады. Олар ақпаратты тек бір жақты беріп, өздеріне ұпай жинауға тырысады. Нақты мәселелерді шешуде бірге қажет болғанда, олар бізді бөлектейді. Міне, осындай тенденциялардың кесірінен ақиқатты көре алмай, біле алмай жатырмыз. Соның кесірінен 5-ші қаңтарда елімізден, Тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық. Ал бұл күні қала әкімі Жақсылық Омар Республика алаңының қақ ортасында тұрды. Өз өміріне қауіп төніп тұрса да, барлық мәселелерді бейбіт жолмен шешуге тырысты, ақырына дейін зорлық-зомбылықтан, қантөгістен аулақ болғысы келді. Қалаға зардап әкелуді, зиян келтіруді ойлаған намыссыз адам солай ете ме?
Алдарыңызда әкімді мақтағымыз келмейді. Біз барлығыңызды салқынқанды ойлануға және түсінуге шақырамыз. Әрине, сіздердің жеке пікірлеріңіз де өте маңызды. Бәрімізде көз бен құлақ бар. Қаланың жылдан жылға дамып, өсіп келе жатқанын көріп жүрміз. Балаларымыз асыр салып ойнайтын жаңа саябақтар мен ойын алаңдарын да көріп жүрміз. Біз демалыс күндерін отбасымызбен «Самал» саябағында өткізгенді жақсы көреміз. Арбатта серуендеген ұнайды. Әр жаз сайын көптеген мектептерде ішкі жөндеу жұмыстары жүреді. Жаңа мектептер мен балабақшалар ашылып жатыр. Біздің көз алдымызда жаңа ықшамаудан бой көтеріп, жыл өткен сайын ол жерде өмір сүру жайлы бола түсуде. Кең даңғылдармен жүру, оң жақ бұрылыстардың арқасында қиылыстардан жылдам өту бәрімізге ыңғайлы. Терезелеріміздің түбіндегі аулалар абаттандырылуда, жолдар жөнделуде. Әр жыл сайын жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтандырылып жатыр. Біз қалағандай тез емес, бірақ нәтиже анық. Тікелей эфир, қаланы аралау, тұрғындармен үнемі кездесулер өткізу арқылы қала әкімінің барлығына ашық екенін көреміз.
Өскемен басшысының өзі қалада проблемалардың бар екенін ешқашан жоққа шығармайды. Әрқашан әлі де көп жұмыс бар екенін айтады. Және соған сай жұмыс істейді Құрметті жерлестер, сіздердің дұрыс шешім қабылдайтындарыңызға сенімдіміз. Ал біздің Өскеменнің игілігі үшін қарапайым, адал еңбек етіп жүрген әкімнің беделін түсіру бірнеше популисттің қолынан келмейді».
Өкінішке орай, белсендімен кездесудегі диалог еш нәтиже бермеді. «Құқық қорғаушы» Өскемен жұртшылығына еш қатысы жоқтығын, қарапайым азамат ретінде жеке пікір айтуға құқығы бар екенін айтып, ақсақалдар, БАҚ өкілдері бар аудиторияны «тобыр» деп атады. Содан кейін ол әлеуметтік желілерде оқиғалардың өзіндік нұсқасын жариялауға кірісті.