Автобуста ақша төлемейтін «қояндарды» аулау басталды
1-ші ақпаннан бастап Өскемен қаласының Жолаушылар тасымалын басқару орталығының жанынан Бақылау-тексеру қызметі іске қосылды
Бұл қызмет қалалық қоғамдық көліктерде ақша төлемей қашып-пысып жүретіндерді анықтау үшін іске қосылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
- Тексеруші инспекторларда жол жүру ақысын көлік картасы арқылы тексеруге мүмкіндік беретін арнайы терминалдар болады. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетін болады. Әдептен аттамай жол жүру ақысын төлеуге адалдықпен қарайтын барлық жолаушыларға алғыс айтамыз, - дейді департамент өкілдері.
Өскемен жолаушылар тасымалын басқару орталығы электронды билет жүйесі жолаушылар жол ақысын төлеген кезде жиналған қаражатты көлеңкелі экономикадан шығаруға ықпал ететінін және бұл саланың ашықтығына әкелетінін еске салды. Бұл өз кезегінде тасымалданған жолаушылардың, бенефициарлардың нақты санын есептеуге мүмкіндік береді.
Мұның барлығы жылжымалы құрамды жаңарту, қоғамдық көліктің инфрақұрылымын жақсарту, маршруттық желіні сауатты жоспарлау және маршруттардағы жылжымалы құрам санын арттыру арқылы қызмет көрсету сапасын арттыруға әкеледі, деп есептейді Орталық.